Дархан Мыңбай мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы ақпаратты сынады

0
1 022

, Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында стратегиялық жоспар және оны іске асыру туралы есеп түр, мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау қорытындылары жоқ.


Дархан Мыңбай мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы ақпаратты сынады

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында орналастырлыған ақпаратты сынға алды, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының мониторингі көрсеткендей, бөлімдердің көпшілігі ақпаратпен толықтырылмайды, не ақпарат декларативті сипатта немесе ескі болады. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында: «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы» бөлімінде тиісті ақпарат жоқ, соңғы рет 2020 жылғы қарашада жаңартылған. Оның орнына сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту бойынша жоба орналастырылған. Ал Мемлекет басшысы Екібастұз қаласында өткен кеңесте азық-түлік тауарларының бағасы 10,4 пайызға қымбаттағанын, көкөніс бағасының да шарықтап тұрғанын қатты сынға алды», - деді Д. Мыңбай Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында стратегиялық жоспар және оны іске асыру туралы есеп түр, мемлекеттік орган қызметінің тиімділігін бағалау қорытындылары жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында: «Статистикалық салалық деректер» бөлімінде тиісті ақпарат жоқ. Оның орнына әзірленген нормативтік құқықтық актілер жобалары орналастырылған.

«Тағы бір жиі кездесетін мысал. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының немесе аурухананың сайтында № 375 қаулы бойынша хабарландыру беріледі:

1. Сатып алу (басталу күні).

2. Қызметкерлер хабарландыруды ең басынан жасырады.

3. Хабарландыру ілулі және көрінбейтін режимде тұрады.

4. Өтінімдерді беру күні аяқталғанда хабарландыру іске қосылады (қолжетімділік ашылады)», - деді Д. Мыңбай.

Заңның 16-бабында квазимемлекеттік сектор субъектілері өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруы тиіс ақпарат тізбесі де көзделген. Соған қарамастан, олардың интернет-ресурсының бөлімдеріндегі ақпараттың көпшілігі жаңартылмайды немесе мүлде толықтырылмайды.

«Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ интернет-ресурсында:

- бос лауазымдар бойынша ақпарат (жарияланған бос лауазымдар, бос лауазымдарға орналасу үшін кандидаттарға қойылатын біліктілік талаптары, бос лауазымдар туралы ақпарат алу үшін телефон нөмірлері) жазылмаған.

«Деректердің толықтырылмауы «Электрондық үкімет» веб-порталында да байқалады. Ашық үкімет компоненттерін пайдаланушылар қалдырған пікірлер жауапсыз қалады немесе оларға сырғытпа жауап беріледі. «Ашық деректер» порталын толықтыру ылғи кешіктіріледі. Біздің ойымызша, қажетті, объективті және шынайы ақпараттың болмауы шындықтың бұрмалануына әкеп соқтырады. Сондықтан, жұртшылық үшін, оның ішінде БАҚ қызметкерлері үшін объективті ақпаратқа қол жеткізу жеңіл, тез және тиімді болатын жағдайлар жасау маңызды. Бұл кез келген өркениетті қоғам үшін және біздің еліміз үшін өзекті болып отыр»., - деді ол.

Ақпаратқа қолжетімділік жағдайын жақсарту мақсатында, мынадай ұсыныстарды қарауды сұралды:

1) жоғарыда келтірілген мысалдар бойынша талдау жасалып, алдағы уақытта заңсыздықтарға жол бермеу механизмі қарастырылсын;

2) аталған Заңның 6-2-бабына сәйкес ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган министрліктер мен басқа квазимемлекеттік субъектілердің қызметіне мониторинг және ведомствоаралық үйлестіру бойынша жұмысын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде ұдайы жариялап отырсын.

3) интернет-ресурстарда және «электрондық үкімет» веб-порталында деректерді жаңарту үшін мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының барынша ашықтығын қамтамасыз ету;

4) мемлекеттік органдардың ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қызметін қоғамдық кеңестер бақылауға алсын.