Денсаулық министрлігі: Ashyq қосымшасында ковид-мәртебесін көрсетпегендер мекемелерге кіре алмайды

0
2 510

Қосымша екі қалада сынақ ретінде іске қосылды.


Денсаулық министрлігі: Ashyq қосымшасында ковид-мәртебесін көрсетпегендер мекемелерге кіре алмайды

ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтан мен Алматы тұрғындары Ashyq мобильді қосымшасында ковид-мәртебесін көрсетпегендер бірқатар бизнес нысандар мен басқа да мекемелерге жіберілмейді, деп жазады Азаттық.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі осындай мәлімдеме жасады. Қосымша екі қалада сынақ ретінде іске қосылды. Мақсат - азаматтарға қоғамдық орындардға QR-код көмегімен еркін жүруге жағдай жасау.


— Кейбір бизнес нысандарға барған азаматтар мобильді қосымша орнатып, соның көмегімен коронавирусқа қатысты мәртебесін скандай алады. Денсаулық сақтау министрлігінің базасында бұл азамат ковид жұқтырғаны туралы ақпарат болса, оны бұл мекемеге кіргізбейді. Мекемедегі азаматтарды қорғау, карантиндегі азаматтар үйде отыру үшін осындай қосымша жасалды, — деп мәлімдеді электронды денсаулық сақтау департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев.


Оның айтуынша, адамдар мекеме өкілдерінің талабымен арнайы QR-кодты скандап, оны көрсетуі керек. Код төрт түсті мәртебе көрсетеді: жасыл түс — ковид жоқ, көк — ПЦР-тест өтпеген, науқаспен байланысы болмаған, сары — науқаспен байланысы бар, қызыл — ПЦР-тест коронавирус жұқтырғанын көрсетті дегенді білдіреді.


— Азаматтар бұл ақпаратты көрсетуден бас тартса, оларды мұндай нысандарға жібермейді. Бірақ мұндай шара сынақ ретінде жүргізіліп жатыр, бизнес нүктелерінің бәрінде жоқ. Мобильді қосымшаны азаматтар өз еркімен орнатады. Міндетті талап қойылмаған, — дейді Есенбаев.


Сынақ жобасы сәтті өткен жағдайда, оны сауда және ойын-сауық орталықтарына, дүкендерге, мейрамханаларға, кафелерге, вокзалдарға, әуежайларға енгізуі мүмкін.