Депутаттар TikTok-ты шектеуді немесе жауып тастауды ұсынды

0
297

Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады.


Депутаттар TikTok-ты шектеуді немесе жауып тастауды ұсынды

ERNUR.KZ. Сенатор Геннадий Шиповских TikTok-тағы контент адам өміріне қауіпті екенін айтып, оны бұғаттауды ұсынды, деп жазады baq.kz.

Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады.

Бүгінгі таңда TikTok әлеуметтік желісі әлемнің түкпір-түкпірінде танымал. Елімізде де бұл желінің қолданушылары саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Көрші елге тиесілі бұл платформаны креативті жандар жасөспірімдерді кәсіпке, білімге, ел тарихына қызықтыруға пайдаланып та жүр. Бірақ ондай контент саны өзге контентпен салыстырғанда шөлге тамған тамшыдай. TikTok-тағы контенттің басым бөлігі қандай сарында екенін мен айтпасам да, өздеріңіз байқап жүрсіздер, - деді сенатор.

Геннадий Шиповскихтің сөзінше, әлемдік практикаға назар салсақ, көптеген мемлекет әртүрлі себептерге байланысты TikTok-қа ішінара тыйым салып отыр.

Оның басты себептері:

- балалардың психикалық денсаулығына алаңдаушылық туғызады. TikTok-та кейбір контент баланың мінез-құлқына теріс әсер етіп, оларды жалған идеяларға жетелеп, тәуелділікке әкелуі мүмкін. Қырғызстан осы мақсатта платформаға тыйым салып, балалардың психикасын қорғауға бағытталған қадам жасады.

- киберқауіпсіздік қазіргі заманғы цифрлық әлемнің басты мәселелерінің бірі. Франция мен басқа да елдер TikTok пайдаланушыларының деректерін жинау әдістеріне күмәнданып, желіге шектеулер енгізді. Қазақстанда да киберқауіпсіздікке назар аудару өте маңызды. Өйткені жеке және мемлекеттік мәліметтердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланысты.

- мәліметтердің құпиялылығы да алаңдатып отыр. Канада TikTok-ты деректердің қауіпсіздігіне байланысты шектеу шараларын енгізген. Бұл платформаны пайдаланушылар туралы мәліметтер жинау және оларды сақтау тәсілдері күмәнді болуы мүмкін. Ал бұл Қазақстан үшін де өте өзекті мәселе.

- қоғамдық тұрақтылықты сақтау мақсатында да шектеулер қажет. TikTok-та жалған ақпарат пен арандатушы мазмұндардың таралуы елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа теріс әсер етуі ықтимал. Жалған ақпараттың кеңінен таралуы қоғамда дүрбелең тудырып, қоғамдық пікірді бұрмалауы да мүмкін.

- адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда қауіп төндіру. TikTok-та соңғы уақытта стрим-форматында өткізілетін жарыстар кеңінен таралып, олардан жеңілген адамға жеңімпаз әртүрлі тапсырмалар береді.

Бұл тапсырмалар бір қарағанда қызық әрі көңіл көтеруге бағытталғандай көрінгенімен, олардың кейбірі адамның денсаулығына физикалық және моральдық тұрғыда елеулі зиян келтіретінін байқаймыз. Мысалы, “зеленка іш”, “аузыңа шамды сал”, “іш киіміңді көрсет” және осыған ұқсас басқа да бұйрықтар адамның өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ қоғам алдында адамның абыройын түсіріп, моральдық тұрғыда зорлық көрсетіп, заңнамада қарастырылған азаматтық құқықтарын бұзады, - деді Геннадий Шиповских.

Сенаторлар мынадай ұсыныс жасады:

1. TikTok платформасы экстремизмді, радикализмді, сепаратизмді, шектен тыс қауіпті және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритмді ұсынуы қажет.

2. TikTok жас балаларды онлайн қауіпті контенттен қорғау мақсатында балаларға арналған YouTube Kids сияқты желі ұсынуы қажет.

3. 13 жасқа толмаған балалардың TikTok-та ата-анасының телефонынан кірген жағдайда міндетті түрде Face-ID технологиясы арқылы бұғаттау механизмін қарастыруы қажет. Олай жасалмаса, онда елімізде TikTok платформасын бұғаттауды сұраймыз.