Ғаламторда Димаштың Ресей атынан халықаралық байқауға қатысып, жеңіске жететінін болжайтын мақалалар жарияланған.
ERNUR.KZ. Ресейлік сайт "Қазақстан әншісі Димаш Құдайберген Ресей атынан "Евровидение-2020" байқауына қатысқалы жатыр" деп ақпарат жариялаған. Осылайша Димаш есімінің "Евровидениеге" қатысуға үміткерлер арасында пайда болуы жанкүйерлерді елең еткізді, деп жазады zakon.kz.
Димашты "орыс музыкасының болашағы" деп атап, оның Ресей атынан халықаралық байқауға қатыстырып, жеңіске жететінін болжайтын мақала жарияланғанда қазақстандықтар бұған онша сенбеді. Өйткені, Димаш көптеген елдердің продюсерімен және композиторларымен әріптесе жұмыс істейтінін бәрі біледі. Ақыры бұл сыбыс әншінің баспасөз қызметіне де жетіпті.
- Желіде кезекті тағы бір фейк жарияланды. Димаш "Евровидениеге" қатысады екен, өтініш беріпті, қатысушылар тізіміне ілініпті және тағы басқа деген. Әншінің ресми өкілі ретінде мен бұл ақпаратты жоққа шығарамын. Димаш Құдайберген "Евровидение" байқауына қатыспайды. Қазір ол Ресейдегі және Еуропадағы жоспарланған концерттеріне дайындалып жатыр, - деді Димаштың және "ДимашАли" шығармашылық орталығының ресми өкілі Назым Жанғазинова.