«Dombyra» арнасы министрден қолдау тапты

0
1 058

Дәстүрлі өнер телеарнасын спутниктік тележеліге шығару ұсынылды.


«Dombyra» арнасы министрден қолдау тапты

ERNUR.KZ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Nur Otan» партиясының елордадағы Республикалық қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдады, деп жазады inbusiness.kz.

Кейбір азаматтар қабылдауға жеке келсе, енді бірі Алматыдан, Қарағандыдан және басқа өңірлерден интернет арқылы тікелей байланысқа шығып, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

«Nur Otan» партиясының осындай алаңында қоғамдық қабылдау өткізген орынды деп ойлаймын. Азаматтардың орында сұрақтары міндетті түрде қаралып, жауап беріледі»,- деді министр.

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің қабылдауына келушілердің бірі Қанат Ержігітов «Dombyra» арнасын Отау ТВ спутниктік желісіне қосу туралы өтінішін білдірді.

«Dombyra» арнасының өкілі ұлттық өнердің танымалдығын арттырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, халықты сабырлыққа шақыратын бағдарламаларды қалың көрермен назарына ұсыну үшін, Отау ТВ спутниктік тележелісіне шығаруға көмектесуін сұрады.

Дәурен Абаев ұлттық құндылықтарды насихаттайтын арнаға қолдау көрсетуге әзір екендігін білдірді.

«Мәдениет, білім саласындағы телеарналарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек. Өйткені бұл бағытқа жеке дара кәсіпкерлер бара бермейді. Осындай арналар қажет екенін жақсы білеміз. Құжаттарын дұрыс тапсырып, комиссия мүшелері жақтап дауыс берсе, «Dombyra» арнасына қолдау көрсетіледі. Бұл арна қазір жұмыс істеп тұр. Мақсаттары – Отау ТВ арқылы көрсетілімін тарату»,– деді Дәурен Абаев.