Алайда бұл алаяқтардың ақша ұрлау үшін ойлап тапқан жаңа әдісі болып шықты.
ERNUR.KZ. Полиция WhatsApp мессенджерінде тарап жатқан домофонды ауыстыру туралы хабарламалар алаяқтардың ақша ұрлайтын жаңа әдісі екенін ескертті, деп жазады sputnik.kz.
Солтүстік Қазақстан облысы тұрғындарының мессенджерінде QR-код көрсетілген домофонды ауыстыру туралы хабарландырудың суреті тарап жатыр. Хабарламада QR-кодты сканерлеп, домофонның жаңа кілтіне тапсырыс беру үшін сайтқа өту керек екені жазылған. Алайда бұл алаяқтардың ақша ұрлау үшін ойлап тапқан жаңа әдісі болып шықты.
Тұрғындардың бірі үйінің кіреберіс есігінде ілініп тұрған осындай хабарландыруға алданып, ақшасынан айырылған.
"Әлеуметтік желілерде қолданушылар домофонды ауыстыру туралы басқарушы компаниялардың бірінің хабарландыруын таратып жатыр. Бірақ бұл хабарландырудағы ақпарат жалған. Осы сияқты хабарландыруларда көрсетілетін QR-кодты сканерлемеңіздер және күмәнді сілтемелер арқылы өтпеңіздер. Ең дұрысы, домофонды жөндеумен айналысатын қызмет көрсетуші компанияға хабарласып, анық-қанығын білу", - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Тәртіп сақшылары соңғы уақытта осыған ұқсас хабарландырулар көрші елдерде де белсенді тарап жатқанын атап өтті.