Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келген туристерден ел экономикасына қанша қаржы түсті

0
213

Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.


Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келген туристерден ел экономикасына қанша қаржы түсті

ERNUR.KZ. Қыркүйек айында өткен іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстанға 2024 жылғы 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті. Оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және теміржол көлігімен келген, деп жазады inform.kz.

ҚР Туризм және спорт министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпенділер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталмыш шараларға 89 мемлекеттің азаматтары келген.

«Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан және Германия сынды мемлекеттерден келді. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам турист келген. Әлбетте, бұл деректер Қазақстанға туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді»,- деп атап өтті Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Вице-министрдің сөзінше, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келеді.

EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдік туристі тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1500 доллардың шамасында. Демек, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ долларын қосқан.

Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Айталық Қазақстанның Ұлттық музейі 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист, ал «Нұр-Әлем» павильонына 10 мыңға жуық адам келген.

Халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шара болып табылатын Көшпенділердің дүниежүзілік ойындары Қазақстанның туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Көшпенділер ойынының ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, Этноауыл мен ойындардың өзін көруге 250 мыңнан астап адам келген.