Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы бойынша жобалау алдындағы іс-шаралар басталды.
ERNUR.KZ. Екібастұзда келесі жылы № 1 энергия блогын пайдалануға беру жоспарланған, деп жазады ҚазАқпарат.
«Самұрық - Энерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұдан бөлек, екі жаңа энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту бойынша жұмыстар жалғасады. Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы бойынша жобалау алдындағы іс-шаралар басталды.
«Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Серік Түйтебаевтың айтуынша, ел энергетикасындағы негізгі инфрақұрылымдық жобалар Екібастұз бен Алматы энергокешендерінде жүзеге асып жатыр.
"Бірқатар жаңа нысандар қазірдің өзінде пайдалануға берілді, басқалары бойынша іске асыру мерзімі 2030 жылға дейін деп болжанып отыр", – дейді ол.
Оның ішінде жаңа электр сүзгілерін орната отырып, ГРЭС-1-де №1 энергия блогын қалпына келтіру ісі бар.
Жоба станцияның қуатын жобаланған 4000 МВт-ға дейін арттырады. Құрылыс-монтаждау жұмысын аяқтау және блокты пайдалануға беру 2023 жылдың желтоқсанына жоспарланды.
№3 энергия блогын орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2 кеңейтіледі және реконструкцияланады.
Жаңа энергия блогының құрылысы станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуға мүмкіндік береді және жылына қосымша 4,8 млрд кВтсағ энергия өндіруді қамтамасыз етеді.
Іске асыру мерзімі – 2026 жылға дейін.
Ал №4 энергия блогын орнату станцияның белгіленген қуатын 636 МВт-ға ұлғайтуға және жылына қосымша 4,8 млрд кВтсағ өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Іске асыру мерзімі – 2027 жыл.
№5 және № 6 энергия блоктарын орнату 2029-2030 жылдарға дейін аяқталады.
Соңғы жоба - Екібастұз ГРЭС-3 стансасын салу.
Бұл - қолда бар инфрақұрылымды пайдалана отырып және қоршаған ортаға ластаушы шығарындыларды азайту үшін жаңа технологияны қолдану арқылы параметрлері жоғары 1200 МВт жаңа станцияның жобасы.
Іске асыру мерзімі – 2028-2029 жылдар.