Қазір СІМ отандық киім-кешек шығаратын компаниялардың тізімін жасап жатыр
ERNUR.KZ. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері отандық өндірістен шыққан киім-кешекті сатып ала бастады. Бұл туралы бүгін сыртқы саяси ведомствоның баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп жазады Sputnik.
Бұған дейін қаңтар айының соңында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан президенті әкімдер мен министрлерді отандық киім киюге шақырған болатын. Бүгінде кейбір құзырлы органдар мұны бастап та кетті. Смадияровтың айтуынша, қазір сыртқы істер министрлігі отандық киім-кешек шығаратын компаниялардың тізімін жасап жатыр.
"Қазақстандық компаниялар бізге өз каталогымен жүгінді. Қазір бұл жұмыс жүріп жатыр. Тізім дайын болғаннан кейін, барлық дипломатқа жібереміз. Кейін олар өздері қаласа, сол компаниялардың бірін таңдап, отандық костюм-шалбар сатып ала алады", - деді ол апта сайынғы брифингте.
Смадияров алысқа бармай-ақ, өзін мысалға келтірді.
"Мен кеше отандық компаниялардың біріне барып, жеңілдікпен 85 мың теңгеге костюм сатып алдым. Сапасы көңілімнен шықты, шетелдікінен еш кем емес", - дейді ол.
Айтуынша, өзі сатып алған жерде қазақстандық өндірістен шыққан костюм-шалбардың бағасы 20 мыңнан 120 мың теңгеге дейінгі аралықта.
"Бәрі отандық киімді ғана киіп жүруі керек деген талап жоқ. Ешкімді мәжбүрлемейміз", - деді Смадияров.