ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеулер енгізуді ұсынды, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, ІІМ брифингінде жарықсыз учаскелерде, қала сыртындағы трассаларда және кәмелетке толмағандарға электр скутерлерін пайдалануға тыйым салу ұсынылды. Ал электрсамокатқа балалар мінбеуі үшін салмақ категориясы бойынша тыйым салу жоаспарланып отыр. Мысалы, 30 келі және одан жоғары салмаққа ғана рұқсат етіледі.
"Кикшерингтік компаниялар жалпы "жосықсыз клиенттердің тізімін" құруды ұсынды. Оған жол қозғалысы ережелерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзатын, скутерді рұқсат етілмеген жерде қалдыратындар енгізіледі. Мұндай пайдаланушылар үшін барлық компания бір мезгілде қызмет көрсетпей қояды", - деді Боранова.
Айта кетері, бұған дейін заңға "электр скутері" мен "шағын электр көлік құралдарының" анықтамасы енгізіліп, бірқатар талап қабылданған болатын.