Елімізде өрттің қауіпті кезеңі басталды

0
1 234

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орман өрті саны 2,6 есе артты.


Елімізде өрттің қауіпті кезеңі басталды

ERNUR.KZ. Елімізде су тасқыны кезеңі аяқталмай жатып өрт қаупі кезеңі басталып кетті, деп жазады Skifnews.kz.

«Өрттің қауіпті кезеңі басталғалы бері 55 орман және 434 дала массивтерінің өрті тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 19 мың гектардан асады», - делінген ТЖК-ның баспасөз хабарламасында.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда орман өрті саны 2,6 есе артты. «Дала өрті Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында болды. Өткен тәулікте Павлодар облысында екі дала өрті болды», - делінген хабарламада.

14 сәуір күні түскі уақытта Павлодар облысындағы орманды алқапта жалпы аумағы 130 га құрғақ шөп пен ағаш өртенді.

Өрттің салдарынан Ертіс өзенінің алқабында орналасқан жеке тұрғын үй аумағындағы 150 шаршы метр аумақтағы шаруашылық ғимараттары қирады.

ТЖ күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдар, Павлодар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі, Чернояр кентіндегі өрт сөндіру пункті, жалпы алғанда 57 адам мен 13 дана техника жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ және елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

«Екінші өрт Аққулы ауданында болды. Шарбақты ауылынан 10 шақырымдық қашықтықта жалпы алаңы 100 га құрғақ шөп өртенді. Өрт салдарынан Маралды орман шаруашылығына тиесілі трактор бұзылды. Өрт сағат 22:15-те өшірілген. Зардап шеккендер жоқ және елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Оларды жоюға төтенше жағдайлар күштері мен құралдары, Маралды орман шаруашылығы, 26 адамнан және 7 техникадан тұратын ерікті өрт сөндіру бригадалары тартылған», - дейді баспасөз қызметі.