ERNUR.KZ Бұрын қай өңірдің құжаты дайын болды, соларға қаржы бөлінді. Енді ең нашар жолдарға қаржы бөлу әдістемесі қолданылады. Бұл туралы ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев ақтөбеліктермен кездесуде айтты, деп жазады Kazinform.
Көлік министрі Марат Қарабаевпен кездесу туралы алдын ала хабарланып, оған көбіне қоғам белсенділері мен жауапты мекеме өкілдері қатысты. Жиын кезінде ақтөбелік қоғам белсендісі Естай Жайлыбай бірнеше сұрақ қойып, еліміздің батыс өңіріндегі жолдың тым нашар екенін айтты.
«Мемлекет бір, республика біреу. «Барлығы батыстан шығып жатыр, неге батысқа берілмей жатыр?» деген шындыққа жатпайды. Елді батыс, шығыс, орталық деп бөлуге болмайды. Республикалық бюджет бір. Бәріне тиісті деңгейде бөлінеді. Ең жаманы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе деп дұрыс айттыңыз. Осы уақытқа дейін қалай болды? Осы уақытқа дейін қай өңірдің құжаты дайын болды, орталық соған ақша бөлді. Егер құжатты өңірдегі әріптестер уақытылы тапсырып, уақытылы бюджеттен алмаған болса, ол орталықтың кінәсі емес. Барып, дұрыстап жұмыс істеу керек еді орталықпен, қаржы бөлетін министрлермен. Былтыр жаңа методика қабылдады. Кімде жолдың жағдайы төмен болса, соған ақша көп бөлінеді. Нәтижесінде 2022 жылы Ақтөбеге 8 млрд теңге, биыл 14,7 млрд теңге бөлінді. Батысқа дұрыс көңіл бөлінбей жатыр деген әңгіме шындыққа жатпайды. Ең көп ақша алған батыс. Батыс Қазақстанда Казталовка-Жәнібек бағытында мүлде жол болмаған. Қазір салынып жатыр. 2021-2022 жылдармен салыстырғанда биыл бүкіл батыс өңіріне бөлінген қаржы 50% өсіп отыр», - деді министр.
Айта кетейік, қазір ең ірі Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын бағытындағы тасжолдың жобалық-cметалық құжаты әзірленіп жатыр. Құрылыс үшін шамамен 500 млрд теңден астам қаржы қажет.
«Үкімет басшысы жобаға қаржы бөлу ұсынысын қолдады. Оған 18 млрд теңге бөлінді. Ақтөбе қаласынан басталатын жолдың 2-56 шақырым аралығы келер жылы басталады. Құрылысты түгел бюджет қаржысына салу мүмкін емес екенін білеміз. Шынын айтқанда, Қызылордадан Ресейге дейінгі транзиттік жолға 1 трлн теңге керек негізі. Сондықтан қаржы көзі Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі немесе Еуропалық қайта құру және даму банкі болуы мүмкін. Маңыздысы – қазір мердігерді анықтау. Қосымша қаржы міндетті түрде қарастырылады», - деді ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев.
Еске салсақ, бұл жол екі жолақтан төрт жолаққа кеңейтіледі. Сонымен бірге айналма жолдар салынады.