Еліміздің курорттарында бос орын жоқ – министрлік

0
1 022

Барлық курорттық орында осы жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін броньдау үшін бос орындар қалмаған.


Еліміздің курорттарында бос орын жоқ – министрлік

ERNUR.KZ. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков Қазақстандағы барлық курорттық орындарда осы жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін бос орындар қалмағанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Еліміз төтенше жағдайдан шыққаннан кейін туристік бизнес саласында біздің министрлік Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қызмет көрсетушілер мен демалушылардың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, карантиндік шектеулер жағдайында курорттар, демалыс аймақтары мен шипаэайлар жұмысының алгоритмін жедел әзірледі. Аталған алгоритмдер орналасу орындарының барлық меншік иелеріне жеткізілді. Айта кетерлігі, бизнес бұл мәселеге жауапкершілікпен қарап, туристік маусымның басталуына дайындалу, қорғаныс құралдарын сатып алу, нысандардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша барлық талапты сақтай отырып, жұмысты ұйымдастырды», - деді Дастан Рыспеков ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қалалар мен облыстардың әкімдіктерінде туристік нысандарды қабылданған алгоритмдерге сәйкестігін тексеретін тұрақты мониторинг топтары құрылған.

«Осылайша ішкі туризм саласында жұмыс істеуге және клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік берілді. Біздің мәліметтеріміз бойынша барлық курорттық орында осы жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін броньдау үшін бос орындар қалған жоқ», - деді ол.