Еліміздің солтүстік өңірлерінде 4 мыңға жуық бос жұмыс орны бар

0
1 021

Қостанай, Петропавл, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында дәрігер, мұғалім, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, механик және инженер мамандары жетіспейді


Еліміздің солтүстік өңірлерінде 4 мыңға жуық бос жұмыс орны бар

ERNUR.KZ. Қостанай, Петропавл, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында дәрігер, мұғалім, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, механик және инженер мамандары жетіспейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Түркістан облысының Жетісай қаласында өткен өңіраралық бос жұмыс орындары жәрменкесінде солтүстік өңірлерден келген жұмыс берушілер мәлімдеді.

Жетісай драма театрының іші халыққа лық толы. Жұрттың бәрі сахыналық қойылым көруге емес, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесіне келген. Жетісайлықтарды еліміздің солтүстік өңірлерінен келген жұмыс берушілердің ұсыныстары қызықтырып отыр. Дана Қадірбек химия пәнінен сабақ береді. Бірақ жас маман туған жерінде емес, еліміздің шығыс өңірінде еңбек етуді жөн санапты. Өйткені тәжірибе жинап, адамдармен араласқысы келеді.

Дана Қадірбек, химия пәнінің мұғалімі:

– Мен қазір Риддер мен Аягөзге баруға сөйлестім. Қай жақ хабарласады, сол жаққа барамын. «Сізге сұраныс өте көп, сондықтан бізге керексіз» деп жатыр. Сондықтан қуана-қуана барамын. Баспанамен қамтимыз деді.

Ал Ербол есімді жігіт диқаншылықпен айналысады. Жетісайда халық көп, жер аз болғандықтан, даласы кең, ауасы ем солтүстікке барып, көкөніс екпекші. Мемлекеттің халыққа жасап отырған мұндай мүмкіндігін жіберіп алмау керек дейді. Сондықтан Қостанайдан келген жұмыс берушілермен келісіп те қойған.

Ербол Ауғанбаев, Жетсай ауданының тұрғыны:

– Жетісай ауданында жер жетіспейді, халық тығыз орналасқан. Жұмыс істейтін жер болмағандықтан, біз шақырып жатқан облысқа баруымыз керек.

Мәселен Шығыс Қазақстан облысынан келген делегаттар 1366 бос жұмыс орнын ұсынды. Оның 300-і медицина, 200-і ауыл шаруашылығы, қалған 765-і әр түрлі салалар бойынша. Келем деушілерге әлеуметтік көмектер мен бір реттік қаржылай қолдау көрсетілмек. Өткен жылы еліміздің шығысына мыңнан астам мүшесі бар 350 отбасы көшіп барған. Ал биыл мыңнан астам отбасын қабылдауға дайынбыз дейді.

Ерболат Ошақбаев, ШҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығының мамандары жетіспейді. Өйткені, біздің облыс өркендеп, өсіп келе жатыр. Жаңа кәсіпорындар, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Былтырғы жылдан бері есептегенде 100 отбасы үй сатып алды. Ал аудан-қалалар мен жеке кәсіпорындар өздерінің балансындағы үйлерді тегін үйлестіріп, мамандарға беріп жатыр.

Жұмыс берушілер өз кәсібін ашып, егін, мал шаруашылығымен айналысатындарға жер телімі берілетінін айтты. Бүгінге дейін Түркістан облысынан солтүстік өңірлерге 3377 мүшесі бар 881 отбасы көшкен. Қазір олардың барлығы да үй-жаймен қамтылып, өз жұмыстарын істеп жатыр.

Мұхит Отаршиев, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Бұл келген азаматтар 3,5 мыңға жуық бос жұмыс орындарын ұсынып отыр. Осы жәрмеңкеге қазір 300-ге жуық отбасы мүшелері қатысуда. Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасына қатысамын деген мектеп бітіруші түлектер де бар.

Кездесу соңында делегация мүшелері тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, жастарға «Серпін» бағдарламасы бойынша Солтүстік облыстарда білім алу туралы жан-жақты түсіндірді. Жәрмеңкеге Қостанай, Павлодар және Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарынан 60-қа жуық жұмыс беруші қатысты.