Енді мопед жүргізушілері толыққанды көлік секілді көше және даңғылдармен қозғалуы керек

0
1 349

​Қазақстанда алдағы уақытта мопед жүргізушілеріне веложол, веложолақ, тротуар мен жол жиегімен жүруге тыйым салынуы мүмкін. Сәйкесінше мопедшілер кәдімгі көлік құралдары секілді даңғыл, көшелермен қозғалуға міндетті.


Енді мопед жүргізушілері толыққанды көлік секілді көше және даңғылдармен қозғалуы керек

ERNUR.KZ. Қазір Ішкі істер министрлігі әзірлеген құжат қоғамдық талқылауға шығарылған. Ал жаңа өзгерістер бойынша оларға жолаушы және жүк тасымалымен айналысуға шектеу қойылып отыр, деп жазады stan.kz.

Егер өзгерістер мақұлданса, мопед жүргізушілері автомобиль жолымен жүруге міндеттеледі. Бұл өзгерістерді мопедшілер қолдап отыр.

Жоба аясында мопед, электросамокат және велосипед жүргізушілері үшін бірқатар талап қарастырылып отыр. Мәселен, жүргізуші қозғалыс кезінде транспортты кем дегенде бір қолмен ұстауы қажет. Әрі арнайы құрылғысы жоқ мопедтермен жолаушы және жүк тасымалдауға болмайды. Мопед, электросамокат, велосипедтерді сүйреуге де тыйым салынады. Әрі көлігінен түспей жаяу жүргіншілер жолын кесіп өтуге рұқсат жоқ.

Ең бастысы жол бойында шлемсіз жүрмеуге тиіс. Дегенмен қоғам белсенділері талап күшейтілгенімен, ереженің бұзылмауын қадағалау қиын дейді.

“Жолмен, жолсызбен, тыңдамай, қармай, кептелістен қашып, кәдімгі жаяу жүргіншіні де қағып кетіп жатыр. Иә, нәпақасын тауып жүр. Жұмыс істеп жүр. Мейлі істесін. Жүрсін. Бірақ олар заңға бағыну керек. Көлік сияқты олардың да төлқұжаты болуы керек”, – деді қоғам белсендісі Күлшар Айдәулетқызы.

Ал самокат жүргізушілері веложол не веложолақпен жүруге міндеттелмек. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, жолдың оң жақ шетімен не қоғамдық көлікке арналған жолақпен қозғалады. Бірақ бұл құқық кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар, сәйкесінше 18 жастан асқан азаматтарға ғана беріліп отыр.