Алдағы уақытта қазақстандық жүргізушілер құжаттың «қағаз» нұсқасын өзімен бірге алып жүрмесе де болады.
ERNUR.KZ. Электронды құжат пен түпнұсқаның күшін теңестіретін заң жобасына сәйкес, электронды цифрлы қолтаңбамен куәландырылған электронды формадағы ақпарат қағаз түріндегі құжатпен тең қолданылатын электронды құжат ретінде танылады, деп жазады Azattyq Ruhy.
Азаматтық кодексте көрсетілгендей, жеке және заңды тұлғалар цифрлы құжат қызметі арқылы электронды құжатты мемлекеттік органдарға ұсынса болады.
«Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстан азаматының жеке басын растау үшін куәліктің электронды көшірмесін көрсету жеткілікті болады. Қазір олар eGov-та ғана емес, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасында да бар. Мысалы, Kaspi банк қосымшасындағы мемлекеттік қызмет бөлімінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі және техникалық төлқұжаттың электронды нұсқасы қолжетімді», - делінген хабарламада.
Демек, алда қазақстандық жүргізушілер құжаттардың «қағаз» нұсқасын өзімен бірге алып жүрмесе де болады деген сөз.
Мәжіліс мақұлдағанн цифрлы құжат туралы заң жобасын енді Сенат қарап, Президент қол қояды. Содан кейін Қазақстанда жүргізуші куәлігі мен техникалық төлқұжатты алып жүрмеуге болады.