​Ертіс өңірінің 10 шаруашылығы қант қызылшасын өсіруді қолға алып отыр

0
1 869

2020 жылы Павлодар облысында қант зауытының құрылысы басталады деп күтілуде.


​Ертіс өңірінің 10 шаруашылығы қант қызылшасын өсіруді қолға алып отыр

ERNUR.KZ. Ертіс өңірінің 10 шаруа қожалығы биылғы жылы алғаш рет қант қызылшасының сұрыптарын жергілікті климатқа бейімдеп, сынақ жүзінде өсірмек, деп жазады BAQ.KZ.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы және механизация бөлімінің басшысы Есентай Мүрсәлімовтің хабаралуынша, қызылшаның тұқымын ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік станциясы тегін бөледі.

«Биылғы жылғы егістік алқаптары 1 млн 314 гектарды құрады. Бұл былтырғы жылға қарағанда 100 мың гектарға артық көрсеткіш. Майлы дақылдар мен картоп алқаптарының көлемі артты. Қазіргі уақытта аймақ диқандары көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті. Әзірге 30 гектар жерге сәбіз, 30 мың гектар жерге көпжылғы шөптер егілді. Айта кетейік, шаруалар ылғал тоқтату жұмыстарын ерте аяқтады. Егістік алқаптарындағы топырақ ылғалы аз еді. Жуырда жауған қар оң септігін тигізіп отыр», - дейді Есентай Мүрсәлімов.

Айта кетейік, 2020 жылы Павлодар облысында қант зауытының құрылысы басталады деп күтілуде. Кәсіпорынның өндірісік қуаттылығы маусымына 100 мың тоннаны құрамақ. Бұл республика халқы сұранысының 20% құрайды.

Жобаны жүзеге асыруға «CNOOD Asia Limited» қытайлық компаниясымен меморандумға қол қойылған. Жылына 250 күн жұмыс істеуге қауқарлы болашақ зауыттың құны 37 млрд теңге.

Жалпы, өңірде қант қызылшасы өсірілмейтіні белгілі. Бұған дейін дақыл тәжірибелік алқаптарда өсірілсе де, жақсы өнім бермеген. Мәселені шешу мақсатында жол картасы әзірленген. Нақты шаралар негізінде өңірдің климатына бейім, қанттылығы жоғары және суыққа төзімді сұрыптар таңдалған.

Сала мамандарының мәліметінше, көктемгі-дала жұмыстарына арзандатылған дизельдің 18 600 тоннасы бөлінді. Наурыз айына 7 мың, сәуір айына 6600, ал мамыр айына 5000 тонна шақталған. Қазіргі уақытта наурыз айының көлемі толық игерілді. Нарықтағы бағасы литріне 170 теңгені құрап отыр.