Fly Arystan Шымкент пен Павлодар қалаларына алғашқы рейсін жасады

0
1 647

Fly Arystan қызметімен еліміздің алты қаласына сапарлауға мүмкіндік бар.


Fly Arystan Шымкент пен Павлодар қалаларына алғашқы рейсін жасады

ERNUR.KZ. Алғашқы қазақстандық лоукостер Fly Arystan Шымкент пен Павлодар қалаларына тұңғыш рейсін жүзеге асырды. Енді бұдан былай 180 орындығы бар Airbus A320 алып әуе кемесі күн сайын аталған қалаларға жолаушылар тасымалдауға белсене кіріспек, деп жазады aikyn.kz.

Екі сапарда да әуе компаниясының ұшағы жолаушыларға толы болды. Осы рейстерге билет сатып алғандардың көпшілігі билетті 10 мың теңгеден төмен бағаға алған. Жалпы, Fly Arystan лоукостері өзінің арзан билет жүйесімен жолаушыларға қолайлы қызмет ұсынып отыр. Мәселен, Алматыдан Шымкентке ұшып бару бағасы 4999 теңгеден басталса, Павлодарға дейінгі билет құны 6999 теңгені құрайды.

Әуе компаниясы қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі таңда жолаушылар арзан билеттерді жаппай сатып алып жатыр. Тағы бір ескеретін жайт – лоукостердің билеті ертерек сатып алғанда ғана арзан болмақ. Ал ұшуға екі-үш күн қалған кезде билет іздесеңіз – әдеттегі 18-20 мың көлеміндегі билеттерді алуға мәжбүр боласыз. «Осыған қарап адамдар біздің әуе компаниямызға теріс көзқарас танытып, халықты алдап жатыр деген сыңайда ой айтып жүр. Шын мәнінде олай емес. Егер ертерек билет іздейтін болсаңыз өте арзан билеттерді оңай табасыз. Ал тақалғанда тапсырыс берер болсаңыз онда әрине, билет құны әлдеқайда жоғары болуы мүмкін. Лоукостердің жүйесі сондай. Оның билеті ертерек алғанда арзан болады. 29 қазанға дейін Fly Arystan билеттерін сатып алуға болады» дейді әуе компаниясының өкілдері.

Журналистердің бір тобы Павлодарға дейін сапарлап қайтты. Ертіс бойындағы шаһарға әуе кемесі 1 сағат 50 минут шамасында жетті. Лоукостердің алғашқы сапарымен құттықтауға облыс әкімі Болат Бақауов та келіпті.

«Қонақжай Павлодар топырағына табандарыңыздың тигеніне қуаныштымыз. Елбасы тапсырмасымен Fly Arystan лоукостері құрылған болатын. Оның қызметі жолаушылар үшін өте қолайлы. Қазір Павлодардан Алматыға пойызбен бару үшін бағасы 13 мың болатын билет сатып алу керек. Оның өзінде екі тәуліктей жүріп барады. Ал оның орнына 8 мың теңгеге жетер-жетпес бағада ұшаққа сатып алған әлдеқайда тиімді. Әрине, оны дер уақытында алсаңыз тіпті құба-құп. Борттың ішін аралап шықтым. Орындықтары өте ыңғайлы екен. Әуежайдағы сапалы қызмет үшін біз де барымызды саламыз» деді облыс әкімі.

Аймақ басшысынан кейін сөз алған "Эйр Астана" әуе компаниясының президенті Питер Фостер мырза да пікір білдірді.

«Елбасы тапсырмасын орындай алғанымыз үшін қуаныштымыз. Тиісінше, Павлодар өңіріне жолаушылар тасымалдау мүмкіндігіне ие болу біз үшін де үлкен құрмет. Павлодар – еліміздің экономикалық жағынан белсенді түрде дамып келе жатқан аймағы. Fly Arystan-ның келуімен әуе сапарлары барлық қазақстандықтар үшін қолжетімді болады. Ең бастысы, нағыз лоукостердің жүмыс істеу қағидасына сай, осының бәрі, расында да, қауіпсіз, жеңіл, әрі арзан» деді «Эйр Астана» компаниясының президенті Питер Фостер мырза.

Еске салсақ, қазақстандық лоукостер билеттерін алғаш рет 29 наурызда сатылымға шығарды. Fly Arystan қызметімен еліміздің алты қаласына сапарлауға мүмкіндік бар. Әуе компаниясы 2020 жылға дейін қарамағындағы ұшақтар санын 15-ке дейін жеткізіп, 2019 жылдың соңына дейін 1 миллион жолаушы тасымалдауды жоспарлап отыр. Fly Arystan "Эйр Астананың" еншілес компаниясы ретінде қызмет етпек.