Ғажабынан азабы: Соңғы қоңырауда ұшырылған шарлар қайда кетіп жатыр

0
3 129

2018 жылы нұрсұлтандық 6000-дай бітіруші түлектер ауаға шар ұшырудан бас тартқан. ​​


Ғажабынан азабы: Соңғы қоңырауда ұшырылған шарлар қайда кетіп жатыр

ERNUR.KZ. Көктемнің соңы бітіру кеші, соңғы қоңырау секілді түрлі мерекелік шараларға толы. Жыл сайын көптеген іс-шаралар мен мерекелерде аспан аясына миллиондаған шарлар ұшырылады, деп жазады holanews.kz.

Айта кетсек,қазіргі күні әлемнің Ұлыбритания, АҚШ, Австралия сынды елдерінде ауаға шар ұшыру қатаң тыйым салынған.

Шар ұшыру өте әсерлі көрінуі мүмкін, бірақ сіз оның қайда кетіп жатқанын білесіз бе?

Зерттеу бойынша, қосымша өңдеусіз латексті шарлар ауада 14 сағатқа дейін қалады және өңделгендер бірнеше есе ұзағырақ болып, қарапайым қоқысқа айналады. Ал қоқыс бүкіл қоршаған ортаға зардабын тигізеді.



Шарларды ұшырудан бас тартудың 5 себебі бар:

  1. Латекс, резеңке шарларының ыдырауы 4 жылды алады. Ал шарларды байлайтын нейлон арқандары шамамен 100 жылдан соң ыдырайды.
  2. Жарылған шарлар жерге түскен жағдайда, жабайы жануарлар үшін өлімге апаратын азық түріне айналады. Ал суға түскен бойда, балықтар үшін қауіп төндіреді. Әсіресе, теңіздегі тасбақалар жарылған шарларды өз азығы(медуза) ретінде қоректенеді. Нәтижесінде шар ішек жолын бітеп, тасбақа аштықтан өледі.
  3. Құстар мен теңіз жануарлары шар байлайтын нейлон арқандарына жиі шатасып, жануардың өліміне әкеледі.
  4. Шарларды өндіру, сатып алу және шығару үшін гелий ресурсы қолданылады. Әлемде оның қоры шектеулі.
  5. Фольга таспалары байланған шар өнімдері электр қуатын сөндіріп немесе өрттің пайда болуына әкелуі мүмкін.

Әуеге шарлардың ұшырылу салдарынан әлемде бірталай оқыс оқиғалар болған. Мысалы, 2019 жылдың 28 маусымда Якутскідегі 30 мыңнан астам тұрғындар түлектер ұшырған шарлардың электр сымдарына шатасуы салдарынан бірнеше күн электр қуатынсыз қалған . Бұл фольга таспалары бар гелий шарлары болатын.

1986 жылы 27 қыркүйекте АҚШ-тың Огайо штатында «United Way» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен әуеге 1,5 миллион шар ұшырылды. Көп ұзамай жарылған шарлар Огайо штатының аймақтарын, жолдарын және өзендерін басып тастады. Ал ауада қалған шарлар ұшақтар үшін үлкен қауіп төндірген. Кейіннен жергілікті әуежай ұшып-қону жолағын жауып тастады. Кейбір рейстер кешіктіріліп, кейбіреулерін мүлдем ұшырмады. Жолдарда бірнеше көлік апаты орын алған. Сонымен қатар, оқиға болған күні екі балықшы балық аулау кезінде моторлы қайықтарымен із-түссіз жоғалып кеткен. Балықшылардың денелері тек екі күннен кейін табылған. Су бетіне түскен шарлар балықшылар қайығының жүзуіне кедергі келтіріп, қайық аударылып түскен. Нәтижесінде мыңдаған сот ісі қозғалған. Осындай жағдайлардан кейін әлемнің экологтары шарлардың зардаптары туралы дабыл қаға бастады.

Қазақстанда мектепті жыл сайын 140 мыңнан астам оқушы бітіреді. Яғни, жыл сайын бір күнде әуеге 140 мыңнан астам шар ұшырылады. Бұл басқа да көптеген шараларда ұшырылатын шарлар санын есептемегенде. Бірақ елімізде шар ұшыруға қарсы бастаманы қолға алып үлгергендер де бар. 2018 жылы нұрсұлтандық 6000-дай бітіруші түлектер ауаға шар ұшырудан бас тартқан.