Ілеспе және табиғи газдарды алауларда жағуға тыйым салынды

0
813

​Мұнай өндіру кезінде ілеспе газды ауада жағу мөлшері соңғы 15 жылда 8 есе азайды.


Ілеспе және табиғи газдарды алауларда жағуға тыйым салынды

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев осылай мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

Оның сөзінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және Париж келісімі шеңберіндегі міндеттемені орындау туралы тапсырмасын орындау үшін 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындысын 1990 жылғы деңгейден 15% қысқарту қажет.

"Министрлік тапсырманы орындау үшін алауларда газ жағуға тыйым салу, жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарын газға көшіру, көмір станцияларына қолжетімді технология енгізу, жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты кешенді шаралар қабылдап жатыр", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Министр экологиялық жағдайды жақсарту үшін министрлік заңнаманы жетілдіру жұмысын атқарғанын айтты.

"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" кодекстің бабымен ілеспе және табиғи газдарды алауларда жағуға тыйым салынды. Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың шикі газды өңдеуді дамыту бағдарламасын әзірлеу жөніндегі міндеті заңнамалық түрде белгіленді. Нәтижесінде алауларда жағылатын газ көлемі 2006 жылмен салыстырғанда 8 есе азайды. 2006 жылы бұл көрсеткіш 3,1 млрд текше метр болса, 2020 жылы 390 млн текше метрді құрады", – деді Мағзұм Мырзағалиев.