Қайрат Нұртас пен Айқын Төлепбергенді шақырған кәсіпкерлер айыппұл төледі

0
2 116

Нұрсұлу Беркімбаева Қазақстан жұлдыздарының карантин талабын сақтамағанын баса айтты. Мұндай тексеру алдағы уақытта да жалғасады.


Қайрат Нұртас пен Айқын Төлепбергенді шақырған кәсіпкерлер айыппұл төледі

ERNUR.KZ. Ақтөбеде карантин ережесін сақтамай, әншілерді ұжымдық кешке шақырған кәсіпкерлерге айыппұл салынды.Бұл туралы облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы бойынша өткен тәулікте 4 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Барлығы да Ақтөбе қаласының тұрғыны. Баспасөз мәслихаты кезінде облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева Қазақстан жұлдыздарының карантин талабын сақтамағанын баса айтты. Мұндай тексеру алдағы уақытта да жалғасады.

«Мониторинг тобының жұмысы жалғасып жатыр. Мәселен, Қайрат Нұртас қатысқан шара бойынша «Auz.T» тамақтану желісінің (фастфуд) иесіне 319 470 теңге көлемінде (қысқартылған түріндегі) айыппұл салынды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 810-бабына сәйкес бір апта ішінде өтесе, айыппұлдың тек 50% төлеуге рұқсат беріледі. Сонымен бірге Айқын Төлепберген қатысқан шара бойынша «Арвана-гранд парк» лаунж-барының заңды тұлғасына қатысты тексеру актісі толтырылып, жеке тұлға З.Тухмухамбетоваға 41 670 теңге көлемінде (қысқартылған түріндегі) айыппұл салынды. Олардың ұжымдық, ойын-сауық іс-шараларын өткізгені, келушілерде және ұйымдастырушыларда медициналық бетперде болмағаны және адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақталмағаны белгілі болды», - деп нақтылады облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша қазір 112 адам коронавирус инфекциясынан ем қабылдап жатыр. Оның 28-і инфекциялық стационарда. Пневмония бойынша соңғы тәулікте 2 жағдай тіркелді. Барлығы 60-қа жуық адам дәрігер бақылауында. Оның ішінде 13-і жансақтау бөлімінде болса, біреуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал 29 науқас карантиндік стационарда жатыр.