Қарағанды облысының полицейлері латын қарпінде диктант жазды

0
846

500 қызметкер бір мезетте латын қарпінде диктант жазды.


Қарағанды облысының полицейлері латын қарпінде диктант жазды

ERNUR.KZ. Қарағандыда ішкі істер органдарының 500-ден астам қызметкері латын графикасын білу деңгейлерін тексерді, деп жазады ҚазАқпарат.

17 қыркүйекте Қарағанды облыстық Полиция департаментіне қарасты басқармалар және бөлімшелердің 500 қызметкері бір мезетте латын қарпінде диктант жазды. Іс-шараны Қарағанды облыстық Тілдерді дамыту басқармасы мен облыстық Полиция департаментінің ішкі және сыртқы коммуникация басқармасы ұйымдастырды.

«Латын қарпінде диктант жазуға облыстық Полиция департаменті мен оның аумақтық бөліністерінен барлығы 500 адам қатысуға ниет білдірді. Ниет білдіргендердің ең көбі Қарағанды қалалық полиция басқармасы мен оның аумақтық бөліністері болды. Яғни, олардан 300 қызметкер қатысты», - деді Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасының жетекші маманы Айтолқын Исина.

Қызметкерлердің жазбалары облыстық Тілдерді дамыту басқармасына жіберіліп, оның қорытындысы 20-21 қыркүйек аралығында белгілі болады.

Айта кету керек, облыстық Полиция департаментінің Ішкі және сыртқы коммуникация басқармасы латын қарпін меңгеруге байланысты іс-шараларды үнемі өткізіп тұрады.