Қарағандылық бала әлем елдерінің әнұранын жатқа біледі

0
1 030

Ол төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы барлық мемлекеттің астанасын, президенттерін жатқа біледі.


Қарағандылық бала әлем елдерінің әнұранын жатқа біледі

ERNUR.KZ. Қарағандыда әлем елдерінің әнұранын, астанасын, туын, президенттерін жатқан білетін зерек бала тұрады. Небәрі 2-сыныпта оқитын Әрсен Тәпенов тіпті кейбір елдердің тарихына қатысты тың деректерді де жадына сақтап алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әрсен Тәпенов жасына қарамастан күрделі сұрақтарға оп-оңай жауап береді. Төрткүл дүниенің төрт бұрышындағы барлық мемлекеттің астанасын, президенттерін жатқа біледі. Оның географиялық орналасуын да әлем картасынан көрсету ол үшін еш қиындық тудырмайды. Зерек баланың мұндай ерекше қабілетін ең алдымен ата-анасы байқапты.

- Бірінші әлем картасын әкеліп үйге әкеліп, жабыстырып қойып едік, баламыз қарап жүріп, кейін айтады, бұл карталарыңыз ескі деп. Неге десек, бұл жерде Африкада Судан деген мемлекет бар, ал ол сіздерде бір-ақ мемлекет болып тұр дейді. Ал қазір ол Судан және Оңтүстік Судан мемлекеті болып екіге бөлініп кеткен дейді. Ол біріншісі, екіншісі Грузия мемлекетінің флагы ескі дейді бұл картада, - дейді Арсеннің анасы Аян Тельманқызы.

Әрсен сыныптың ең кенжесі болғанымен, оқуда озат, білімі жағынан қатарластарынан оқ бойы озық тұр. Мектеп табалдырығын енді аттаған кезде мекен-жайын, ата-анасы мен туған-туыстарының туған күндерін, телефон номерлерін жатқа айтып, ұстаздарын таң қалдырған. Ол оқитын №102 мектептің мұғалімдері баланың есте сақтау қабілеті ерекше, - дейді.

- Сабақ өте бастаған кезде дауысты, дауссыз дыбыстардың түрлерін ажыратып, дауыссыз дыбыстардың үш топқа бөлінетінін, оның қатаң, ұяң, үнді екенін және оған қайсына қанша әріп жататынын бірден, менің бір сабақта айтқанымнан ұғып алып, одан кейінгі талдау жұмыстарын жасаған кезде бұл бала ешқандай мүдірмей, тапсырмаларды орындап отырды. Бұл енді мен үшін, бірнші сыныпты қабылдап отырған мұғалім үшін ерекше жағдай деп ойлаймын, - дейді сынып жетекшісі Күлзира Ыбыраева.

Ойы ұшқыр оқушының білімге деген ынтасы зор. Өзге балалар секілді ойынға құмар емес, ал гаджетке тіпті жуымайды дейді ата-анасы. Көбіне кітап оқығанды ұнатады. Ал сыйлыққа әлем картасы мен глобус алғанды жақсы көреді екен.

- Мен өскенде шетелдерде жүргім келеді. Астаналарына барып, тілдерін үйренгім келеді,- дейді №102 мектептің 2-сынып оқушысы Әрсен Тәпенов.

Әрсеннің басты арманы әлемді аралап шығу. Тіпті қай жылы қай мемлекетке бару қажеттігін қағазға бетіне түсіріп те қойыпты. Биылғы жоспары Корея елі. Ата-анасы оның арман-мақсатын жүзеге асыруға барымызды саламыз дейді. Әрсен ол үшін ең әуелі тілді жетік білу керектігін жақсы түсінеді. Қазір ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын арнайы курсқа барып жүр. Алғашқы нәтижесі жаман емес. Қазірдің өзінде 5 елдің әнұранын жатқа айтады.