Шығыс Қазақстан аумағындағы сан алуан емдік шөптер Корея елінің қызығушылығын тудыруда
ERNUR.KZ. Осы сала бойынша тиімді ынтымақтастық орнатуға болады деп санайды Корея елшісі Дэсик Ким. Корея елшісі Дэсик Кимді қабылдаған Даниал Ахметов Қазақстан мен Корея арасында тығыз сауда-экономикалық қарым-қатынастар орнағанын, қос тарап та байланыстарды тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді, деп жазады altaynews.kz.
– Сізбен әр кездескен сайын екі жақ арасындағы серіктестік жаңа қарқын алады, – деп атап көрсетті аймақ басшысы.
Облысымыздағы брендті салалардың бірі – марал шаруашылығы. Дэсик Ким өңірімізде шығарылатын панты өнімдерімен кәрістердің жақсы таныс екенін және оның сапасын жоғары бағалайтынын атап айтты. Осы сала бойынша тиімді ынтымақтастық орнатуға болады деп санайды елші мырза.
Мұнымен қоса, Шығыс Қазақстан аумағында сан алуан емдік шөптер өседі. Соларды жинап, өңдеу жағына да Корея елі қызығушылық танытып отыр.
– Бұл бағытта жұмыс істеуге әзірміз, мамандарыңызды жіберіңіздер. Аталмыш сала бойынша өте тиімді серіктестік орнатуға болатыны анық, – деп қостады осы ойды Даниал Ахметов.
Өз кезегінде Дэсик Ким өңірімізге «Смарт фактори» деп аталатын кәріс компаниялары әзрлеген цифрландырудың тың технологиясын ұсынды. Аталған технология әсіресе өндірістік кәсіпорындарда өзін тиімді тұсынан көрсеткен екен.