​Қаржылық жоспарлау: жеке тұлға ретінде дамуға инвестициялар

0
617

Қаржылық мақсат — бұл қол жеткізу үшін ақшаны қажет ететін мақсат.


​Қаржылық жоспарлау: жеке тұлға ретінде дамуға инвестициялар

Әр адамның өмірінде қаржылық жоспарлау маңызды рөл атқарады. Ол бізге қаржылық мақсаттарымызды айқындауға, кірістеріміз бен шығыстарымызды жоспарлауға, сондай-ақ қаржылық мақсаттарға қол жеткізу үшін белгілі бір стратегияны әзірлеуге ықпал етеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Fingramota.kz-пен бірлесіп, неліктен жеке басыңа инвестициялаудың маңызды екендігін қарастырамыз, күнделікті қажеттіліктерді қанағаттандыру, қажетті заттарды сатып алуға қаржы жинау және болашақта қаржыдан тапшылық көрмес үшін жеке бюджетті қаржылық жоспарлаудың 5 кезеңін талдап көреміз.
Бірінші кезең: қажеттіліктерге байланысты өзіңнің қаржылық мақсаттарыңды айқындау
Қаржылық мақсат — бұл қол жеткізу үшін ақшаны қажет ететін мақсат. Мақсаттар әртүрлі болуы мүмкін: белгілі бір зат сатып алудан бастап зейнеткерлікке шығуға дейін. Егер мақсатсыз және ештеңе жоспарламай өмір сүретін болсаңыз, өміріңізде де жай ғана өте береді.
Қысқа мерзімді жоспарлау (бір жыл бойында): әдетте, мақсаттарды жылдың басында қою қажет. Сіз өзіңіз үшін бір жыл ішінде не істеу қажет екендігін жазып қоясыз, яғни бүкіл отбасы үшін демалысқа жолдама сатып алудан бастап тұрмыс техникасын сатып алуға дейін. Нәтижесінде сізде жұмсауға жоспарланған ақшаның тізімі шығады, онда сомалары мен оларды іске асыру мерзімін міндетті түрде көрсету қажет.
Орта мерзімді жоспарлау (1 жылдан 3-5 жылға дейін): бұл тармақта сіз жаңа көлік сатып алуды, тұрғын үйді кеңейтуді, инвестиция, қаржылық қауіпсіздік жастығы немесе баланы оқытуға арналған ақша болсын нақты мақсаттар үшін белгілі бір капиталды жинауды жоспарлай аласыз.
Ұзақ мерзімді жоспарлау (5 жылдан 10-15 жылға дейін және одан жоғары): бұған неғұрлым ауқымды мақсаттар жатады, ол мақсаттарға қол жеткізу үшін бір жыл емес, бірнеше онжылдық қажет. Мұндайда, бірден ойға зейнетақы жинақтары келеді. Жақсы зейнетақыға өз бетінше жинауға болады, бірақ бұл бір күннің ісі емес.
Инфляцияның өзгеруін және осы уақыт ішінде жинақталған капиталдан түсетін кірісті ескере отырып, қажетті соманы анықтаймыз. Әрі қарай зейнеткерлік демалысқа жоспарланған сомаға қол жеткізу үшін қанша көлемде ақша жинау керек екенін есептейміз.
Екінші кезең: ағымдағы қаржылық жағдайды талдау
Ағымдағы ақпарат негізінде жеке қаржылық жоспар жасау. Бұл кезең адамның ағымдағы қаржылық жай-күйін диагностикалаудың өзіндік нысаны болып табылады. Оның барысында ағымдағы кірістер мен шығыстар, олардың өзгеру қарқыны, сондай-ақ қаржылық мақсаттар туралы ақпарат жиналады. Одан әрі жылдар бойынша болашақ шығыстарды, кірістерді, олардың арасындағы айырмашылықты, сондай-ақ қаржылық мақсаттарға бағаның өзгеруін және оларға қол жеткізуге арналған шығыстарды болжаймыз.
Бастапқы ақпарат негізіндегі қаржылық жоспар – яғни сіз өзіңіз қалаған көлемде және мерзімде ағымдағы өмір салтын сақтай отырып, қалаған қаржылық мақсаттарға қол жеткізе аласыз ба, жоқ па екені осы кезеңнің нәтижесі болып табылады.
Үшінші кезең: қолда бар деректер негізінде жеке қаржылық жоспар жасау
Қаржылық мақсаттарға қол жеткізе алуға немесе алмауға қарамастан, ағымдағы қаржылық жағдайды көп жағдайда жақсартуға болады.
Активтер мен пассивтерді талдап, активтердің кірістілігін арттыру және пассивтерді азайту жолдарын анықтау қажет. Осыдан кейін жеке қаржылық жоспарды қайта есептеу қажет болады. Егер бұл операциялар қаржылық жағдайды түзетпесе және мақсаттарға қол жеткізу мүмкін болмаса, мынадай әрекетке көшу керек. Шығыстарды азайту және кірісті арттыру жолдарын анықтап, содан кейін қаржылық жоспарды қайта есептеңіз. Мысалы, қосымша табыс табу көзін қарастырыңыз.
Төртінші кезең: шығыстарды жоспарлау
Егер сіз шығыстарды бірнеше топқа бөлсеңіз, қаражаттың не үшін кететінін, неден бас тартуға болатындығын түсіну оңайырақ болады, мәселен:
Тұрақты шығыстар: ай сайын ақша азық-түлік сатып алуға, коммуналдық қызметтерді, көлік қызметтерін төлеуге, тұрғын үйді жалға алуға немесе кредиттік міндеттемелерді төлеуге жұмсалады. Бұл шығыстарды алдын ала жоспарлау керек және ақшаны сол мақсаттарға алдын ала бөліп қою қажет.
Мерзімді шығыстар: мысалы, киім, тұрмыстық техника немесе демалысқа жолдама сатып алу. Бұл шығыстар ай сайын бола бермейді, сондықтан шығыстардың осы бабы үшін ақшаны жеке депозитке немесе шотқа жинаған жөн.
Жоспардан тыс шығыстар: бұған жоспарлау мүмкін емес шығыстар жатады. Мәселен, бұған жұмысқа қажетті көліктің бұзылуы немесе пәтердегі құбырдың жарылуына байланысты шұғыл жөндеуді қажет ететін шығыстар жатады. Шығыстардың бұл түрін болдырмау үшін сақтандыру полисін ресімдеуге кеңес береміз, бұл күтпеген жағдайларда қаржылық шығыстарды өтеуге мүмкіндік береді, болмаса форс-мажор орын алған кезде тұрақты және мерзімді шығыстарды азайтып, қарыз алуға тура келеді, әрине мұндай әрекетке жол бермегеніміз жөн.
Бесінші кезең: жеке қаржылық жоспардың орындалуын мониторингтеу
Жоғарыда сипатталған әрекеттер нәтижесінде қаржылық мақсаттарға қол жететіндей болған кезде, адамның келесі әрекеті - қалыптасқан жоспарды орындауды мониторингтеу болуға тиіс. Бұл үшін жоспарды нақты деректермен кезең-кезеңімен, мысалы, шығыстардың, кірістердің және т.б нақты өсуімен салыстырып отыру, ауытқуларды анықтау, олардың себептерін талдау және жаңа деректерді негізге ала отырып, қаржылық жоспарды қайта есептеу қажет. Осы кезеңнің қорытындысы жаңартылған қаржылық жоспар болады, ол сіздің қаржылық мақсаттарыңызды қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Әрбір адамның жеке тұлға ретінде дамуы, бірінші кезекте, қаржылық тұрақтылыққа байланысты, ол адамның мықты тұстарын ашуға, белгілі бір өмірлік қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Өзін-өзі дамыту және қаржылық жоспарлау тікелей өзара байланысты, себебі адамның белгілі бір қажеттіліктері қаржыға тікелей байланысты. Жеке тұлға ретінде дамуды қаламайтын адам қаржылық тұрақтылыққа және тәуелсіздікке қол жеткізе алмайды. Олардың өзара байланысты екендігін өзіңізді жеке тұлға ретінде дамытуды бастаған кезде байқауға болады. Қаржылай табысты адамдар алдымен қаржылық сауаттылығын дамытудан бастаған.
Қаржыны қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлаңыз. Қысқа мерзімде қолжеткізуге болатын мақсаттар бар, алайда басқалары, мысалы ұзақ мерзімді мақсат зейнетақы жоспары сияқтылар болып табылады. Мұны міндетті түрде есте ұстаңыз. Бюджетті өте шектеулі етпеңіз, себебі ұзақ мерзімді перспективада қатаң режимді ұстану өте қиын болады. Шынайы және төзімді бола білген дұрыс.