Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде бір топ қыз баланың қатарласын ұрып-соғып жатқан видеосы жарияланды. Оқиға Қаскелеңде болған, ал қақтығысқа қатысушылар жергілікті колледждің студенттері болып шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Қыз баланы ұрып-соққан видеоны Egovpress Telegram арнасы жариялады.
Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның 24 сәуірде Қаскелеңдегі білім беру мекемелерінің бірінде болғанын хабарлады.
Департамент Қарасай аудандық полициясы жанжалға қатысушылардың барлығын анықтағанын баса айтты. Қыздардың ата-аналарымен әңгіме жүргізілді.
«Балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен құқыққа қайшы мінез-құлық салдарын түсіндіре отырып, профилактикалық іс-шаралар жүргізілді.
Ішкі істер органдары білім беру ұйымдарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жалғастыруда. Кәмелетке толмағандар арасындағы заңсыз әрекеттің әрбір фактісі қатаң түрде жолын кесіп, кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады», - деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Бұл жағдайға Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де түсініктеме берді.
«Төбелеске қатысушылардың барлығы анықталғанын хабарлаймыз, заңды өкілдер ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге байланысты міндеттерді тиісінше орындамау» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен құқық бұзушылықтың қайталануының алдын алу бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.