Каспийге ағып жатқан қара сұйықтық қауіпті емес – МАЭК-Қазатомөнеркәсіп

0
657

​ Ақтау қаласы маңында Каспий теңізіне құбырдан қара түсті сұйықтықтың атқылап жатқанын байқаған тұрғындар алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілерде видео таратты.


Каспийге ағып жатқан қара сұйықтық қауіпті емес – МАЭК-Қазатомөнеркәсіп
ERNUR.KZ. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС осы жайтқа байланысты мәлімдеме жасады, деп жазады ҚазАқпарат.


Кәсіпорын мәліметінше, теңіздің тартылуына байланысты арнаулы құрылғылармен өнеркәсіпке су қабылдайтын арнаның табаны тереңдетіліп жатыр. Бұл жұмыстар Каспий теңізінің экологиялық қауіпсіздігіне әсер етпейді.

«ЖЭС-1 қабылдау арнасы ЖЭС-1 технологиялық қажеттіліктеріне және «Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС-де ауыз су дайындау үшін теңіз суын жинауға арналған. Бүгінгі таңда Каспий теңізінің күрт таяздануына байланысты қабылдау арнасында су деңгейі төмендеп кетті, кей тұстарында құрғақ жерлер пайда болды. Арнада теңіз суының қажетті деңгейде болуын қамтамасыз ету және ЖЭС-1 мен «Каспий» су тұщыту зауыты» ЖШС-де технологиялық процестің тоқтап қалуының алдын алу үшін «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС ЖЭС-1 қабылдау арнасында табанды тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстар земснаряд құрылғысының көмегімен механикалық түрде атқарылады. Арнадан тартылатын су – ешқандай қоспасыз теңіз суы», - делінген кәсіпорын мәлімдемесінде.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен белгілі болғанындай, экологтар тексеру жүргізе бастады.

Видео Ақтау қаласының маңындағы «Достар» жағажайы мен «Keppel-Kazakhstan» ЖШС ортасында түсірілген.