"Қазақ халқына қарсы қылмыс": Америкалық журналист Бозжырада қонақ үй салуға қарсы

0
2 793

Пол Салопек 2016 жылы Бозжыра шатқалында жаяу жүріп өткен.


ERNUR.KZ. Америкалық жазушы, журналист, деректі фильмдердің авторы, National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі, екі мәрте Пулитцер сыйлығының иегері атанған Пол Салопек Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы маңынан салынатын қонақ үйге қатысты пікір білдіріп, бұл бастаманы қазақ халқына жасалған қылмыс деп бағалады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«2016 жылы маған Бозжыра шатқалында жаяу жүру бақыты бұйырды. Расымен, бұл - Жер бетінде сақталған табиғи сұлулықтың бірі. Құрылысшылар одан тез пайда табуды көздейді, бірақ бұл ерекше табиғи мұраның қамқоршысы - қазақ халқына қарсы қылмыс қана емес, сонымен қатар осы жерді мекендейтін жойылып кету қаупі бар жануарлар үшін ауыр соққы. Дұрыс жоспарланбаған жоба әлемдік маңызы бар ландшафттар қарсы шабуыл деуге болады. Бұған көз жұмып қара алмаймыз», - деп деп пікір білдірген журналист.

Айта кетсек, өткен жылы әлеуметтік желіде Маңғыстау жеріндегі Бозжыра табиғи ескерткіші аумағында қонақүй құрылысы басталғаны жөнінде видео тараған болатын. Осы жағдайға байналысты бір топ маңғыстаулық белсенді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовқа ашық хат жолдап, нақты талап қойған еді.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли қоғамдық кеңестер мен эколог сарапшылардың пікірі ескеріліп, қонақүй салуға арналған басқа ыңғайлы жер таңдалатынын айтты.

1 ақпанда Маңғыстау облысы әкімдігіндегілер Бозжырадағы қонақ үй шатқалдан 4 шақырым қашықта салынатынын хабарлады.