Қазақстан бойынша 500 мыңға жуық бала жазғы лагерьде тегін демалады

0
749

Қазақстанда мектеп жасында 1-10 сынып аралығында 3 миллион 400 мыңнан астам бала бар.


Қазақстан бойынша 500 мыңға жуық бала жазғы лагерьде тегін демалады

ERNUR.KZ. Былтыр пандемияның салдарынан еліміздегі жазғы лагерлер жұмыс істемей, балалар үйде отыруға мәжбүр болды. Елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жазғы лагерлер кейбір облыстарда ғана іске қосылды. Онда да ПТР тесттің болуы міндеттелген еді. Ал биылғы жағдай қалай болмақ? Жазғы лагерьлер іске қосыла ма? Оған кімдер бара алады? Ақысы қанша? Қандай да бір жеңілдіктер жасала ма? Осы сұрақтарға Білім және ғылым министрлігі балалар құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы Гүлназ Ташқарова жауап берді, деп жазады aikyn.kz.

Оның сөзінше, Қазақстанда мектеп жасында 1-10 сынып аралығында 3 миллион 400 мыңнан астам бала бар. Биыл сол балалардың 76 пайызы жазғы лагерьлерге барып, демалады деп күтілуде.

Былтыр көп лагерь жұмыс істемеді. Жергілікті органдардың мәліметі бойынша, биыл 12 мыңға жуық лагерь ашу жоспарлануда. Алайда қай лагерьдің іске қосылатыны жергілікті санитарлық дәрігерлер шешеді. Ең бастысы, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты.
Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы секілді «қызыл» аймаққа кірген бірнеше өңірге лагерьлердің жұмыс істеуіне тыйым салынған. Бірі жұмысын маусымның 7-8 күндері бастаса, енді бірі маусымның 15-16-ы іске қосылмақ. Оның үстіне, пандемияға байланысты жазғы лагерьлерге кіру үшін ПТР тест тапсыру міндеттеліп жатыр. Қала сыртындағы лагерьлерге сондай талап қойылған, – дейді ол.

Гүлназ Ташқарованың айтуынша, ПТР тесттің ақысын баланың ата-анасы төлейді. Баланы ата-анасы жіберіп отырған соң, ақысын солар төлейді. Ал Білім заңында бекітілген тоғыз санатқа кіретін балаларға жергілікті атқарушы органдар төлеуі тиіс.

– Бұл санатқа аз қамтылған отбасының балалары, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, экологиялық ахуалы ауыр жерлердегі балалар кіреді. Олар тіпті жазғы лагерьлерде тегін демала алады. Жалпы, Қазақстан бойынша 500 мыңға жуық бала тегін демалады деп жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Негізгі баға әр өңірге байланысты есептеледі. Мектеп жанынан ашылған лагерлердің саны 10 мыңнан асса, оның ішінде 143-і мемлекеттік лагерь. Сыртқы лагерлер – 235. Жалпы, әр лагерьдің бағасы жағдайына байланысты қойылады. Орташа баға 10 күнге 30 мыңнан 100 мыңға дейін барады. Ал тегін жазғы лагерьге бару үшін egov арқылы өтінім беруі керек.