Қазақстан бүгіннен бастап ТМД-ға төрағалық етеді

0
965

2022 жылғы мамырда Нұр-Сұлтанда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы, ал қазанда Достастық елдері басшыларының кездесуі өтеді деп күтілуде


Қазақстан бүгіннен бастап ТМД-ға төрағалық етеді

ERNUR.KZ. Қазақстан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) төрағалық етеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

ТМД-ға төрағалық ету міндетінің ұйымға мүше мемлекеттер арасында жыл сайын өзгеріп отыратыны белгілі. 2021 жылы бұл міндет Беларусь елінің еншісінде болған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 15 қазанында ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысында ТМД-ны құру туралы тарихи декларация 1991 жылғы желтоқсанда Алматыда өткен кездесуде қабылданғанын еске салды. Оның айтуынша,"бүгінде Достастық посткеңестік кеңістіктегі ауқымды апаттың алдын алуда шешуші рөл атқарды, халықтарымыздың өзара іс-қимылын сақтауға ықпал етті деп сеніммен айтуға болады".

Мемлекет басшысы бірлескен күш-жігердің арқасында ТМД кеңістігінде кооперацияның пәрменді тетіктері құрылғанын, ауқымды нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын, белсенді саяси диалог дамып, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл нығайып, сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту үшін жағдайлар жасалатынын айтты.

ТМД елдерінің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттердің ішінде қазақстандық көшбасшы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мен ұлғайтуды атады. Атап айтқанда, президент ТМД елдерінің өнеркәсіптік кооперациясын кеңейтуге баса назар аудара отырып, экономикалық өзара іс-қимыл тәсілдерін жетілдіру қажеттігі туралы мәлімдеді. Ол үшін өнеркәсіптік кешендерді дамытудың кемінде 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді және қызметтер саудасы туралы келісімге қол қоюды ұсынды.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ортақ аграрлық нарықты қалыптастыруды өзекті деп санайды. Оның айтуынша, ТМД елдерінің азық-түлік жүйелерін дамыту және өзара әрекеттесу стратегиясын әзірлеу ортақ мүддеге жауап берер еді. Тоқаев пандемияның теріс салдарын еңсерудегі ынтымақтастық мәселелеріне қатысты ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара тануды жеделдетуді ұсынды.

Тоқаев терроризмнің, діни экстремизмнің, есірткі саудасының өсіп келе жатқан қатерлеріне бірлесіп қарсы тұруға баса назар аудара отырып, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық тетіктерін жетілдіруді ТМД-ның тағы бір маңызды міндеті деп санайды. Оның айтуынша, бұл қауіптер Ауғанстандағы қалыптасқан жағдай аясында өте маңызды болды.

Қазақстан Президенті ТМД бойынша әріптестерді экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ілгерілетуде және шешуде ынтымақтастыққа шақырды. Ол ТМД кеңістігінде трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мәселелерін шешу бойынша нақты қадамдар қабылдау қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, ол төмен көміртекті экономикаға көшу мәселесінің өзектілігін атап өтті.

Айта кетейік, 2022 жылғы мамырда Нұр-Сұлтанда ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің үкімет басшылары кеңесінің отырысы, ал қазанда Достастық елдері басшыларының кездесуі өтеді деп күтілуде.