2020 жылдың 7 айында газ өндіру көлемі 13,4 млрд текше метрді құрады.
ERNUR.KZ. 2020 жылдың жеті айында газ өндіру көлемі 13,4 млрд текше метрді құрады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«2020 жылдың 7 айында газ өндіру көлемі 13,4 млрд текше метрді құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 пайызға жоғары. Табиғи газды ішкі тұтыну көлемі 9,5 млрд текше метрді құрап, өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 102 пайыз болды. Сұйытылған мұнай газын өндіру көлемі 1,8 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың 7 айымен салыстырғанда 105 пайыз жоғары. Соның 938 мың тоннасы ішкі нарықта пайдаланылды», - деді министр.
Нұрлан Ноғаевтың атап өтуінше, Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерінің сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды бекіту туралы бірлескен бұйрығы қабылданған.
«Осы бұйрықты іске асыру автокөлікке жанармай ретінде қолданылатын сұйытылған газдың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде автогаз құю стансасындағы сұйытылған газдың бөлшек саудадағы бағасының төмендеуі қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, өңірлерде сұйытылған мұнай газының орташа бағасы 2 пайыздан 32 пайызға дейін, ал Қазақстан бойынша 12 пайызға төмендеді», - деді ол.