Қазақстан Конституциясына – 28 жыл

0
1 308

Елімізде Ата заң тарихы 1993 жылдан басталады.


Қазақстан Конституциясына – 28 жыл

ERNUR.KZ. Бүгін еліміздің басты құжаты – Конституцияның 28 жылдығы аталып өтеді. Ата заң 1995 жылы 30 тамызда күшіне енген еді, деп жазады ҚазАқпарат.

Конституция – ең жоғарғы заңдық күшке ие құжат. Мемлекеттегі саяси және экономикалық реформалар, тұрақтылық пен келісім, оның халықаралық жетістіктері Конституцияда бекітілген қағидаттармен тығыз байланысты.

Елімізде Ата заң тарихы 1993 жылдан басталады. Қазіргі қолданыстағы екінші Конституция жобасы заң саласындағы ірі тұлғалардың, ғалымдар мен аузы дуалы саясаткерлердің түгел қатысуымен 1995 жылы 30 тамызда қабылданған еді.

Бас құжаттың бірінші бабында Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені жазылған.

Сондай-ақ, Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.