Қырғыз тарапы да қазақстандық азаматтардың Қырғызстанның ЖОО-да білім алуы үшін квота санын арттырады.
ERNUR.KZ. Қырғызстан Республикасының Білім және ғылым министрі Болотбек Купешев Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рапиль Жошыбаевты қабылдады, деп жазады ҚазАқпарат.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу кезінде екі елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында тараптар Қырғызстан Республикасының президенті С.Жапаровтың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдерді іске асыру мәселесін талқылады.
Купешев қазақ тарапына қырғыз азаматтарының Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алуы үшін квота санын 50-ге дейін көбейту жөнінде шешім қабылдағаны үшін алғысын жеткізді.
Сондай-ақ, қырғыз тарапының да қазақстандық азаматтардың Қырғызстанның ЖОО-да білім алуы үшін квота саны 10-ға жеткізілетінін мәлім етті.
Кездесуде ортаға салынған тағы бір тақырып – Қырғызстан Республикасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашу.
Елші ҚазҰУ басшылығы алдағы уақытта аталған мәселе бойнша жан-жақты келіссөз өткізу үшін Бішкекке баруды жоспарлап отырғанын айтты.