Қазақстан Қырғызстанға әскери техника беретін болды

0
580

Қазақстан Қырғызстанға қандай әскери мүлікті беруді жоспарлап отыр және қандай сомаға екені көрсетілмейді.


Қазақстан Қырғызстанға әскери техника беретін болды

ERNUR.KZ. ҚР Қорғаныс министрлігі "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде әскери-техникалық жәрдем көрсету туралы келісімге қол қою туралы" Үкімет қаулысының жобасын дайындады, деп жазады zakon.kz.

Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігі мен қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан тарапы Қырғыз тарапына әскери мүлікті өтеусіз беру түрінде әскери-техникалық жәрдем көрсетеді. Әскери мүліктің атаулары мен көлемдерін тараптардың уәкілетті органдары осы Келісімге қол қойылғаннан кейін 2 ай мерзімде дипломатиялық арналар арқылы келіседі, делінген құжатта.

Қазақстан Қырғызстанға қандай әскери мүлікті беруді жоспарлап отыр және қандай сомаға екені көрсетілмейді.

Бірақ қырғыз тарапы Қазақстаннан алынған әскери мүлікті тек осы Келісімнің мақсаттары үшін пайдаланады, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге қарсы бермейді және пайдаланбайды.

Бұл ретте Қазақстан Тарапы әскери мүлікті Қазақстан Республикасының аумағынан Қырғыз Республикасының аумағына (Қой-Таш елдімекені) автомобиль көлігімен жеткізуді қамтамасыз етеді, онда тараптардың уәкілетті органдары тағайындаған өкілдер актіні ресімдей отырып, әскери мүлікті қабылдауды жүргізеді.

Қой-Таш елдімекеніне дейінгі көлік шығыстарын Қазақстан тарапы төлейді.

Келісімді іске асыру ҚР Қорғаныс министрлігіне республикалық бюджетте 047 "Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік, жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз ету" бағдарламасы бойынша көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылатын болады, - делінген құжатта.

Келісім жобасы 5 қарашаға дейін "Ашық НҚА" сайтында талқылауға орналастырылған.