Ресейден импорт бензин тамыз айының соңында жеткізіледі.
ERNUR.KZ. Қазақстан Ресейден 45 мың тонна АИ-95 бензинін импорттайды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Биыл екі министрлік арасында қол қойылған индикативті теңгерімге байланысты 45 мың тонна АИ-95 маркалы бензин импорттау көзделген. Қазіргі сәтте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымдарымен тиісті келісімшарт жасалған және оимпорт осы тамыз айынан жүзеге асырыла бастайды. Бірінші импорт шамамен 19 мың тонна болмақ. Бірақ, бұл небәрі екі айға созылатын бір реттік акция. Жалпы, қазанда Шымкент мұнай өңдеу зауытында АИ-95 бензинін шығара бастаймыз», - деді ол Екібастұз қаласының жұртшылығымен кездесу барысында журналистердің сұрақтарына орай.
Оның нақтылауынша, Ресейден импорт бензин тамыз айының соңында жеткізіледі.
«Бұл Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасындағы шекарада екі бағытта да туындайтын көлік кептелісіне байланысы. Өйткені, жолға тек мұнай өнімдерімен ғана емес, сонымен бірге өзге де тауарларға байланысты үлкен жүктеме түсіп отыр», - деді Ерлан Ақкенженов.