Қазақстан Сутегі бастамасына қосылды

0
236

Hydrogen Breakthrough Agenda-ға қосылу елдегі сутегі энергетикасын дамытуға ықпал етеді.


Қазақстан Сутегі бастамасына қосылды

фото: Пресс-служба акима Мангистауской области Республики Казахстан

ERNUR.KZ. Қазақстан қазір немістің Svevind компаниясымен Маңғыстау облысында "жасыл" сутегін өндіру бойынша бірлескен жобаны әзірлеуде. Елімізде Сутегі энергетикасын дамыту тұжырымдамасы қабылданды, деп жазады sputnik.kz.
Бұл туралы Бакуде COP29 шеңберіндегі "Жасыл энергетика және инновация: Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері" атты панельдік сессияда Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді.
Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның жасыл энергетиканы дамытудағы мақсаттары мен келешегі, елдің энергетикалық теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру, атом және сутегі энергетикасын талқылады. Сондай-ақ антропогендік метан шығарындыларын азайту шаралары талқыланды, деп хабарлайды Қазақстанның энергетика министрлігі.
Сессияда инвестициялық қоғамдастыққа Қазақстанда "жасыл қаржыландыруды" тарту үшін жағдай жасалғаны туралы айтылды. Іс-шараға "Masdar", "ЕҚДБ" және "Азия даму банкі" сияқты компаниялардың өкілдері қатысты.
Svevind Energy Group неміс-швед компаниялары тобы Қазақстан үкіметімен Маңғыстау облысында климаттық бейтарап сутегін өндіретін зауыт салу, кейіннен өнімді Еуропаға экспорттау туралы келісім жасады. Тараптар жобаны 50 миллиард долларға бағалап отыр.
Қуаты 20 ГВт болатын жасыл сутегін өндіру зауыты әлемдегі ең үлкен кәсіпорын болады. Зауыт электролизерлері 2032 жылдан бастап жыл сайын 2 миллион тоннаға дейін климаттық бейтарап сутегін өндіруге қауқарлы болады.
Электролиз паркі Қазақстанның оңтүстік-батыс жазықтарында орналасатын шамамен 40 ГВт жел және фотоэлектр қондырғыларынан қуат алады.
Климаттық бейтарап сутегі Еуроодақтың қазба отындарына тәуелділікті азайту және бірқатар сектордағы көміртегі шығарындыларын азайту жоспарының негізгі элементі болып табылады. Еуроодақ онжылдықтың соңына дейін 10 миллион тонна жасыл сутегін өндіруді және басқа елдерден осыншама көлемде импорттауды мақсат етіп отыр.
Қазақстан мен Svevind арасындағы келісім Hyrasia One жобасының бір бөлігі саналады. Компания үш жыл бойы бағдарламаны әзірлеуде, инвестициялық келісім бірлескен инвесторлармен, тапсырыс берушілермен және жеткізушілермен нақты келіссөз жүргізуге мүмкіндік береді. Тараптар соңғы инвестициялық шешімді 2026 жылға қарай қабылдайды. Кәсіпорын 2030 жылы іске қосылса, 2032 жылы зауыт толық қуатта өнім шығарады.