Қазақстанда бүгіннен бастап бензин мен дизель отынының бағасы өсті

0
589

Бүгіннен бастап министрдің бұйрығы күшіне енді.


Қазақстанда бүгіннен бастап бензин мен дизель отынының бағасы өсті

ERNUR.KZ. Елімізде бүгін, 12 сәуірден бастап ҚР Энергетика министрінің «Бағаны мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрығына енген өзгерістер күшіне енді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Тиісті құжаттың мәтіні ҚР Энергетика министрлігінің сайтында орналастырылған. Оған сәйкес бұйрықтың тақырыбы өзгертілді: енді мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатудың шекті бағасы стационарлық жанармай құю станциялары үшін белгіленеді. Сондай-ақ, стационарлық ЖҚС арқылы мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасы өзгертілді: атап айтқанда, АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің құны литріне 205 теңге мөлшерінде белгіленді.

Бүгінге дейін Аи-92 және Аи-93 маркалы бензинді бөлшек саудада сатудың шекті бағасы:

  • Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында-литріне 187 теңге;
  • Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында - литріне 182 теңге.

Сонымен қатар, осы құжатпен жазғы, маусымаралық дизель отынының шекті бөлшек бағасы қазақстандық жүргізуші куәлігін көрсеткен жүргізушілер үшін тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде және қазақстандық жүргізуші куәлігін және көлік құралдарын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустардың жүргізушілері үшін литріне 295 теңге мөлшерінде белгіленген, тәулігіне 300 литрге дейін.

Бұған дейін өңірге байланысты қазақстандық жүргізушілер үшін жазғы, маусымаралық дизель отынының құны литріне 230 немесе 260 теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейік, 3 сәуірде ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақов Қазақстанда бензин мен дизель отынына бағаның алдағы уақытта көтерілетіні туралы хабарлады. Келесі күні ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов мұндай шешімнің не үшін қабылданғанын айтты.