Депозит бойынша өзгерістер 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап енгізіледі.
ERNUR.KZ. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сыйақы мөлшерлемесі көтерілгенін мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлемесі ұлғайған соң, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры артынша қысқа мерзімді депозиттер бойынша 2022 жылдың ақпан және наурыз айларына ұсынылатын максималды мөлшерлемелерді арттырды", - делінген ресми хабарламада.
Бұдан бөлек, теңгемен ашылған ұзақ мерзімді салымдардың тартымдылығын қолдау мақсатында 12 айлық мерзімді және жинақ депозиттерінің максималды мөлшерлемесі ұлғайтылды.
"Өзгерістер 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап қолданысқа енгізіледі және осы күннен бастап банктер өзінің депозиттік өнімдері бойынша сыйақы мөлшерлемесін қайта қарауға құқылы", - дейді қор мамандары.