Қазақстанда дизель отыны импорына салынған тыйым ұзартылмақ

0
907

Нұрлан Ноғаев Энергетика министрлігінің жоспарлары туралы айтып берді.


Қазақстанда дизель отыны импорына салынған тыйым ұзартылмақ

ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, министр сапар барысында өңір басшысы Әбілқайыр Сқақовпен бірге екі жылу электр орталығында, Павлодар мұнай-химия зауытында және «Нефтехим LTD» ЖШС-да болды.

«Қазақстан алюминийі» АҚ құрамына кіретін ЖЭО-3-те делегацияға қаланы электрмен және жылумен жабдықтау туралы айтып берілді. Бүгінде 50 жылдан астам тарихы бар кәсіпорын өз қызметкерлеріне барынша қолайлы жағдай жасауға тырысуда. Бұл өз кезегінде жас кадрларды қызықтыруға және тартуға мүмкіндік береді.

«Павлодарэнерго» АҚ бөлімшесі саналатын ЖЭО-3-те Нұрлан Ноғаев пен Әбілқайыр Сқақовқа негізгі жабдықтарды жаңарту туралы баяндалды.

«Нефтехим LTD» ЖШС базасында Энергетика министрі және Павлодар облысының әкімі метил-трет-бутил эфир және полипропилен өндіру цехтарында болды.

Биыл зауыт полипропилен шығару көлемін 40 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Былтыр және өткен жылдағы бұл көрсеткіш шамамен 33 мың тоннаны құраған.

Келесі сапар Павлодар мұнай-химия зауыты болды. Зауыт автомобиль бензині, ТС-1 маркалы реактивті қозғалтқыштарға арналған отын, дизель отыны, қазандық отыны (мазут), мұнай коксы, жол битумы және тағы басқа өндірісеен айналысады.

Сапар барысында Нұрлан Ноғаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Энергетика министрлігінің жоспарлары туралы айтып берді.


«Біз қысқы және арктикалық отынды қоспағанда, дизель отынын импорттауға тыйым салуды келесі жылдың сәуіріне дейін ұзартуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбады. Бірақ ішкі нарықты дизель отынымен толтыру үшін алғышарттар бар екенін атап өткім келеді. Жалпы алғанда, еліміз бен Үкімет басшылығының арқасында пандемия кезінде мемлекеттік органдар қоймалардың толып кетуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдағанын атап өткім келеді. Осыған байланысты, біз зауыттарымыздың тоқтап қалуына жол бермедік және ішкі жанар-жағармай нарығында теңгерімді сақтап қалдық», - деді Нұрлан Ноғаев.