Қазақстанда карантин кезінде балалар суициді жиілеген

0
741

Депутаттың айтуынша, қазіргі қоғам мен сала мамандары арасында балалардың психикалық жағдайы туралы қате пікір қалыптасқан.


Қазақстанда карантин кезінде балалар суициді жиілеген

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Артур Платонов Қазақстанда карантин кезінде 18 жасқа дейінгі балалардың арасында суицид жасағандар саны екі есеге көбейгенін мәлімдеді, деп жазады sputniknews.kz.

Депутаттың айтуынша, төрт айда 114 бала суицид жасауға әрекеттеніп, 46 оқиғаның соңғы қайғылы жағдайға ұласты. Мұндай келеңсіздіктер бойынша Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы мен Қостанай облыстары алда тұр.

"Баланың өзіне қол жұмсау әрекетін жасыруға тырысатын және білікті мамандардан көмек сұрап жүгінбейтін ата-аналар да бар. Өйткені, бала болашақта оқуға түсіп немесе әскери не құқық қорғау саласына қызметке орналасар кезде мәселелер туындайды", – деді депутат.

Ол арнайы мемлекеттік органдардың статистикасы бойынша 2017-2019 жылдар аралығында балалар арасындағы суицид санының өсу үрдісі байқалғанын атап өтті.

2018 жылы денсаулық сақтау министрлігіне қарасты республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығы суицидтің алдын алу және ескерту бойынша мемлекеттік жоба ұсынды.

Бағдарлама ақпараттық, оқыту кезеңі және тәуекелді алдын ала анықтау сынды үш кезеңнен тұрады.

"Талдау нәтижесінде бірқатар өңірде бағдарламаның бірінші және екінші кезеңі бойынша оқыту жүргізілгенін анықтадық. Ал кейбір өңірде суицидтің алдын алуға қатысты ғылыми-негізделген бағдарламаны ескере отырып жүргізілген зерттеулер бұл мәселеде оқыту мүлдем жүргізілмегенін көрсетті", – деп нақтылады депутат.

Сондай-ақ, Платонов қазіргі қоғам мен сала мамандары арасында балалардың психикалық жағдайы туралы қате пікір қалыптасқанын да атап өтті. Соның салдарынан жобаны жүзеге асыруда қосымша қиындықтар туындаған.

Мәжіліс депутаты Қазақстанның вице-премьерінің атына жолдаған депутаттық сауалында балалардың өзіне қол жұмсауын азайту үшін құзырлы органдар не істегенін және статистикаға сүйене отырып, қабылданған шаралардың неге тиімді болмай жатқанын көпшілік назарына шығаруды ұсынды.