Заң жобасы мәжілістің қарауында жатыр.
ERNUR.KZ. Қазақстанда спорттағы легионерлерді мемлекеттің ақшасына қаржыландыруға тыйым салу жоспарланып отыр, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Туризм және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы заң жобасын әзірлеген.
«Заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының азаматы емес спортшыларды бюджет қаржысы есебінен қаржыландыруға тыйым салу қарастырылған. Қазір заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр», - деп мәлімдеді министрліктің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда президент шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Сондықтан ол елімізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тартуды ұсынды.