Министрлік педагогтарды еңбекақысын көтеру арқылы ынталандыруды көздеп отыр.
ERNUR.KZ. Қазақстанда мектеп директорларының еңбекақысын 100 процентке дейін көтеру жоспарланып отыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, қазір мектеп директорларының жалақысы кейбір мұғалімдерден де аз. Өйткені әр түрлі санаттағы ұстаздар үстемеақы алады, ал директорлардың еңбекақысын өсіретін мұндай мүмкіндік жоқ.
"Бізде көп директорлық орындар бос тұр. 200 оқушы оқитын мектептер бар. Оқушы саны 1200-ге жететін оқу орындары да баршылық. Тиімді жұмыс істеп жатқан директорлар бар, тиімсіз істеп жатқандары да жоқ емес. Біз мектеп директорларын, оқу ісінің меңгерушілерін, әдіскерлерді қолдауымыз қажет. Білім министрлігі осы бағытта жұмыс жасап жатыр", - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жалақы көлемі директордың еңбек өтілі мен категориясына байланысты болады. Министрлік бірінші санаттағы басшылардың айлығын 100 процентке өсіруді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, оқу ісінің меңгерушілері мен әдіскерлердің де еңбекақысы өседі.
Айта кетсек, Қазақстан президенті төрт жылдың ішінде мұғалімдердің жалақысын екі есе көбейтуді тапсырған болатын.