Заңда мопедті басқару құқығы А1 кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады.
ERNUR.KZ. Қазақстандық мопед жүргізушілері мемлекеттік тіркеуден өтуге міндеттеледі. Тиісті заң сенатта бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп жазады stan.kz.
Депутат Евгений Больгерттің сөзінше, бұған дейін мәжілісте қабылданған "Жол жүрісі туралы" көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру туралы" заң мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеуден өткізуді енгізеді.
"Қолданыстағы стандартқа сәйкес, максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын мопедтер тіркеуге жатады. Қарастырылып жатқан заңға сәйкес, барлық мопедтер (қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және максималды жобалық жылдамдығы сағатына 50 километрден аспайтын) тіркеуге жатады", – деді депутат.
Заңда мопедті басқару құқығы А1 кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады. Сондай-ақ А және В санаттары бар азаматтар да мопед басқара алады.
Ал Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мопедті уақытында тіркемейтіндерге қандай шаралар қолданылатынын айтты. Вице-министрдің сөзінше, тіркеу үшін заң алғаш қолданысқа енген күннен бастап алты ай бар.
"Әлі оған қол қойылады, жарияланады. Егер сізде барлық қажетті құжаттар болса, заңға қол қойылғаннан кейін көлікті тіркеуге болады. Сондықтан да заңға қол қойылған сәттен бастап біз бір ай ішінде барлық тиісті заңнамалық базаны, бұйрықтарымызды әзірлеп, барлығын тіркелуге шақырамыз", - деді ол.
Сондай-ақ ол осы жартыжылдықта тіркелмеген мопед жүргізушілері жауапкершілікке тартылмайтынын, тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертулер жасалатынын айтты. Алайда мерзім өткеннен кейін мұндай мопед қамау алаңына орналастырылатынын айтты.
"Тіркеу сәтіне дейін ол сол жерде қалады. Сондай-ақ көлік жүргізушілері қандай жауапкершілік арқаласа, мопед жүргізушілеріне де сондай талап қойылады. Енді мопед жүргізушілері де көлік жүргізушілері сияқты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады", - деді Лепеха.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде бұдан былай мопед жүргізушілері жол қозғалысына қатысушылармен теңестірілетіні туралы жазған едік. Орташа жылдамдық ұғымы енгізіліп, жылдамдық шегін бұзғандар жазаланатыны айтылған. Көлік құралдарын техникалық байқаудан өткізуге қойылатын талаптар да күшейтілетіні жеткізілген еді.