Қазақстанда мультисистемалық қабыну синдромынан 2 бала қайтыс болды

0
658

Жалпы мультисистемалық қабыну синдромымен 45 бала тіркелген.


Қазақстанда мультисистемалық қабыну синдромынан 2 бала қайтыс болды

ERNUR.KZ. Қазақстанда 45 баладан мультисистемалық қабыну синдромы анықталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар орталығында өткен қазіргі эпидемиологиялық жағдай және қабылданып жатқан карантиндік шаралар туралы онлайн брифингіде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мультисистемалық қабыну синдромы анықталған балаларға тоқталып өтсем: бүгінгі таңда 45 жағдай тіркелген. Жас ерекшелігі бойынша, екі бала 1 жасқа толмаған. 1-5 жас аралығында – 11 бала, 5-17 жасқа дейін – 28 бала тіркелді. Өкінішке орай, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 бала қайтыс болды», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов.

Оның айтуынша, ең көп жағдай елордада тіркеліп отыр.

«Елордада 11 бала, Ақмола және Қарағанды облыстарында, Алматы қаласында - 5 жағдай, ШҚО-да және Шымкент қаласында - 3 жағдай, Ақтөбе, Атырау өңірлерінде тағы да 2 жағдайдан, Алматы қаласы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облысында бір жағдайдан тіркеліп отыр. Қазіргі уақытта 38 бала жазылып шықты. Біреуі стационарда әлі де емделуде», - дейді ол.