Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығы ақталады

0
951

Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру.


Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлығы ақталады

ERNUR.KZ. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын толығымен ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті, деп жазады sputnik.kz.

Отырыс барысында комиссия жұмысын ұйымдастыру, 2020-2021 жылдарға арналған жұмыс жоспары, сондай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарының түрлі топтарын ақтау жөніндегі қызметті әдіснамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Қуғын-сүргінге ұшыраған әр түрлі топтарды ақтау бағыттарын пысықтау үшін арнайы жұмыс топтарын құру ұсынылды.

"Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық санатына қатысты тарихи әділеттілікті толық қалпына келтіру. Материалдарға жан-жақты әрі кешенді зерделеу жүргізгеннен кейін халықаралық тәсілдер мен стандарттар негізінде толықтай заңды, ал жекелеген санаттарға қатысты – қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау жоспарланып отыр", - деді Көшербаев.

Мемлекеттік комиссия құрамына Қазақстан президенті әкімшілігі мен үкіметінің өкілдері, парламент сенаты мен мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен ғалымдар еніп отыр. Барлығы - 49 адам.

Отырыс қорытындысы бойынша мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, биыл 24 қарашада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы" жарлыққа қол қойған болатын.