Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер енгізілді.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды, деп жазады tengrinews.kz.
Заңға халықтың борыштық жүктемесінің өсуіне жол бермеуге қатысты бірқатар ережелер енгізілді.
- Азаматтар борышының өсуін болдырмау үшін мерзімі өткеніне 90 күннен асқан берешегі бар тұлғаларға кепілсіз тұтынушылық қарыздар беруге тыйым салынады. Алайда қарызды қайта қаржыландыруға бұл тыйым жүрмейді.
- Әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметін өткеру кезінде және демобилизациядан кейін 60 күн ішінде алған қарызына сыйақы есептеуден босатылады.
- Сонымен қатар 2026 жылғы 1 мамырға дейін банктер мен микроқаржы ұйымдарына азаматтардың қарызын коллекторлық агенттіктерге беруге тыйым салынды. 2026 жылғы 1 мамырдан бастап коллекторлық агенттіктерге жеке тұлғалардың құқықтарын (талаптарды) беру шарттары қатаңдаталды. Дәл осы күннен бастап тек берешек туындаған сәттен 24 ай өткен және берешекті реттеу жөніндегі рәсімдер міндетті түрде жүргізілген жағдайда ғана қарыз алушы жеке тұлғаларға қатысты құқықтарды (талаптарды) коллекторларға беруге болады.
- Банк омбудсманының барлық банктік қарыз шарттары бойынша дауларды қарау құзыреті кеңейтілді (бұған дейін ол тек ипотекалық шарттарға қатысты дауларды қарайтын) және микроқаржы омбудсманы институты енгізілді. Жеке тұлғалар омбудсмандардың шешімімен келіскен жағдайда, мұндай шешімдерді қаржы ұйымдары орындауға міндетті.
- Омбудсмандар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкер жеке тұлғалардың өтініштерін қараған кезде кепілге алынған жылжымайтын мүлікті өндіріп алуға тыйым салынады. Сондай-ақ осы санатқа жататын азаматтар бұған дейін міндеттемені орындамағанына байланысты банк балансына өтіп кеткен жалдамалы баспанасын сатып алуға құқылы.
- Кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды және 1 немесе 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан мәжбүрлеп шығаруға тыйым салынады.
- Өндіріп алуға жатпайтын және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдаған кезде қарыз алушының банктік шотында қалуға тиіс ақша сомасы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (43407 теңге) екі еселенген мөлшеріне (86814 теңге) дейін ұлғайтылды.
- 20 АЕК-ке (73840 теңге) дейінгі әкімшілік айыппұлдарды және салық берешегін өндіріп алу кезінде оңайлатылған іс жүргізу тәртібі енгізілді. Істі әділет органдары автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы жүргізеді. Бұл азаматтарды жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу міндеттемесінен босатады. Мұндай механизммен келіспеген жағдайда атқарушылық іс жүргізу жалпыға бірдей бекітілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.
- Азаматтардың банкроттық рәсіміне өтініш беру тәртібі жеңілдетілді. Енді ол үшін кредиторлар тізімін, мерзімі өткен берешекті реттеу және өндіріп алу рәсімдерінің жүргізілгенін растайтын құжаттың көшірмесін беру талап етілмейді. Мұндай деректер кредиттік бюродан сұратылады. Ал кредиторлар оған тиісті мәліметті жіберуге тиіс.
- Алаяқтық әрекеттерге жол бермеу үшін онлайн қарыздар бойынша міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру енгізілді. Бұған дейін кредиттік бюрода азаматтардың несие алудан ерікті түрде бас тартқаны туралы мәлімет болған жағдайда қарыз беруге тыйым салынған еді. Осы Заңда аталған тыйымды бұза отырып берілген қарыздар бойынша берешекті қаржы институттары кешіру талабы енгізілді. Сондай-ақ қабылданған Заңға сәйкес аталған тыйым ломбардтар берген микрокредиттерге таралмайды.
- Алаяқтардың ықпалымен рәсімделгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап кешіріледі.
Сонымен қатар Заң арнайы электронды сауда алаңын құру арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарының активтерін сату механизмдерін жетілдіреді.