1 қаңтардан бастап шағын бөлшек сауда мен қызмет көрсету саласында мобильді аударымдарға тыйым салынды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда онлайн платформаларда жұмыс істейтін адамдар үшін бөлек салық режимі енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, такси агрегаторлары үшін, деп жазады stan.kz.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, жаңа салық кодексіне сай салық 1%-ды құрайды және кірістен автоматты түрде шегеріледі. Сондай-ақ ол "барлығын декларациялауға мәжбүрлемеу үшін" агрегатордан салық ұсталатынын түсіндірді.
"Такси жүргізушілері бойынша арнайы салық режимі бар. Қазіргі талаптарға сай ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мобильді қосымша арқылы 1% салық төлеуі тиіс. Өзі салық органдарына келіп немесе мобильді қосымша арқылы онлайн тіркеле алады. Егер көлік жүргізушісі өзі оператор арқылы жұмыс жасайтын болса, ол салықты оператор ұстап, бюджетке аударса біз оны сондай міндеттен босатуды қарастырып жатырмыз. Ол болашақ кодекстің нормалары болады деп күтеміз. Қазір оны бизнеспен талқылап жатырмыз. Қазіргі таңда қолайлы жағдай бар. Мобильді қосымша, патент арқылы тіркеліп, 1% салық төлейді. Егер қызмет атқарып жүріп, қолма қол ақша алатын болса, операторлар тарапынан да олардың рейтингі төмендеуі мүмкін. Олардың тапсырыстары азаюуы мүмкін. Сондықтан бәрі заңды түрде жұмыс істеуі керек", - деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде кәсіпкерлер жаппай мобильді аударыммен төлем қабылдаудан бас тартып жатқаны жайлы жазылған. 1 қаңтардан бастап шағын бөлшек сауда мен қызмет көрсету саласында мобильді аударымдарға тыйым салынды. Егер алушы кәсіпкерлік қызметпен айналысса, онда ол салық төлейді. Ал жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдарды еркін пайдалана алады.