Қазақстанда тәртіпсіздік кезінде 200-ден астам адам ұсталды – ІІМ

0
394

Заңсыз әрекет салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкері дене жарақатын алды, 37 қызметтік автокөлік бүлінді.


Қазақстанда тәртіпсіздік кезінде 200-ден астам адам ұсталды – ІІМ

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлі Қазақстанда наразылықтар кезінде қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталғанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

"Еліміздің бірқатар аймағында заңсыз акциялар өтті. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратураның ескертулеріне қарамастан азаматтар арандатушылық шақыруларға еріп, тұрақтылыққа және халықтың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін заңсыз әрекеттер жасай бастады. Азаматтардың жекелеген топтары жолдарды жауып, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын және елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ету жүйесін бұзып, көлік қозғалысына тосқауыл қойды", - деп мәлімдеді ІІМ.

Министрлік құқық қорғау және құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін басқа да органдардың қызметкерлеріне шабуыл жасалғанын хабарлады.

"Алматы, Шымкент және Тараз қалаларында әкімдіктерге шабуыл жасап, әйнектері мен есіктерін сындырды, басқа да материалдық залал келтірді. Тас, таяқ, газ, бұрыш баллондарын және жанғыш қоспасы бар бөтелкелерді пайдаланды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында полиция қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу және тәртіп бұзушыларды ұстау бойынша заңда көзделген шараларды қабылдады", - деп мәлімдеді ішкі істер министрлігі.

Заңсыз әрекет салдарынан ішкі істер органдарының 95 қызметкері дене жарақатын алды, 37 қызметтік автокөлік бүлінді.

"Билік өкілдеріне қарсы күш қолдану, бұзақылық, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасаудың 13 фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 200-ден астам адам ұсталды", - делінген ақпаратта.

Ішкі істер органдары халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету жөнінде барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.