Қазақстанда жарты жыл ішінде 800 қыз-келіншек зорланған (видео)

0
2 297

Әр бес жарым сағат сайын бір әйел зорланады, ал әр тәулік сайын бір бала зорлыққа ұшырайды.


Қазақстанда жарты жыл ішінде 800 қыз-келіншек зорланған (видео)

фото кадрдан скринделген

Елімізде әр бес жарым сағат сайын бір әйел зорланады, ал әр тәулік сайын бір бала зорлыққа ұшырайды. Ал, осы жылдың алғашқы жарты жылдығында 800-ге жуық қыз-келіншек зорланған, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Ең өкініштісі зәбір көргендер сол күні шағым жазбай, араға уақыт өткізіп алады екен. Сол себепті де абыройларының тапталғанын дәлелдей алмай жүреді дейді мамандар.

Елімізде зорлықтың құрбаны болған қыз-келіншектер қарасы күн санап көбейіп келеді. Алайда, олардың көбі абыройының тапталғанын айтып, уақытысында шағымданбайды екен. Ұялады, жұрт не дейді деген сөзден қорқады. Солардың бірі - Мөлдір. Оны 18 жасында сыныптасы күштеп зорлап тастатапты. Жүрегінде шемен болған оқиға жайлы бойжеткен тек 13 жылдан кейін ғана айтқан. Тіпті, оның өмірінде мұндай оқиға екінші рет бола жаздаған.

"Екінші рет, менің жасым жиырма бесте болатын, ол кезде зорлық болған жоқ. Мен ол кезде келісім-шартпен әскер қатарында болғанмын. Сол бастықтарымның бірі. Бірақ әрекеттенді. Ол шешіндіруге, өзінің жыныс мүшесін ұстатуға неше түрлі қысымдар көрсетіп, жоқ қаламаймын, жіберіңіз деген сияқты сөздерді естіген де жоқ. Құлағына да асқан жоқ. Одан кейін мен арыз жазғанмын. Бірақ, жұмыста көрсеткен қысымнан кейін арызымды қайтарып алып, жұмыстан шығып кеттім" - дейді Мөлдір.

Заңгерлер мұндай жағдайға тап болған қыз-келіншектерге бірден құзырлы органдарға шағымдануға кеңес береді. Өйткені, араға айлар, тіпті жылдар өткізіп жазған арыздан шығатын нәтиже шамалы дейді. Істі тергеу, дәлелдеу қиынға соғып, кінәлі жазасыз қалуы әбден мүмкін.

"Өзіне қатысты қылмыстың болғанын дәлелдеу қиын. Дәл уақытысында арызданса ол арызы қабылданып жаңа айтып кеткендей сот- медициналық сараптама, сонымен қатар биологиялық сараптамалар тағайындалып, өз дәлелін табуға және қылмысты сотқа жолдауға үлкен мүмкіндік береді" - дейді заңгер Абзал Бекбосынов.

Бас прокуратура келтірген деректер де жаға ұстатады. Былтыр әйелдерге қатысты - 1332, кәмелет жасына толмаған балаларға қатысты 231 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл арыздардың тек 454-і ғана сотқа жіберілген. Биылғы алғашқы жартыжылдықтағы статистика да көңіл көншітпейді.

ӘЙЕЛДЕР МЕН КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАН БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ТІРКЕЛГЕН ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР:
2018 жылы
Әйелдерге қатысты - 1332
Кәмелетке толмаған балаларға қатысты 231

2019 жылдың 6 айында
Әйелдерге қатысты - 797,
Кәмелетке толмағандарға қатысты -179

Ал психологтердің айтуынша, зәбір көрген қыздар мамандарға өз еркілерімен емес, ата-аналары мен туыстарының айтуымен келеді екен.

"Көп ортада біздің жастарда жыныстық сауаттылық жоқтың кесірінен осындай нәрсенің болып жатқанын байқадым. Сондықтан жыныстық сауаттылық деген арнайы білімді, жан-жақты білетін кісілердің ұйымдасып істейтін нәрсесі. Біздің жастарымыз жыныстық тұрғыда сауатсыз. Соның да нәтижелерінің бірі осы. Ұлдардың өзінің, қыздардың өзінің жыныстық сауатсыздығынан. Соның да көлеңкесі түсіп отыр" - дейді психолог Серікгүл Сали.

Жалпы, мұндай тенденция тек елімізге ғана тән емес екен. Деректерге сүйенсек, әлем бойынша зорланған қыз-келіншектердің арызының 35 пайызы ғана полицияда тіркеледі екен. Себебі, зәбір көргендер түрлі себептермен болған жағдайды жасыратын көрінеді. Яғни, олардың нақты санын есептеу өте қиын. Сондықтан, Қазақстанда да тағдыры талқан болып, іштей өксіп жүрген қанша қыз-келіншектің барын дөп басып айту қиын дейді мамандар.