Жұмыспен қамтылғандар саны бірнеше салада өскен.
ERNUR.KZ. Қазақстандағы Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады, деп жазады Azattyq Ruhy.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 042,3 мың адам жұмыспен қамтылды, олардың 6 906,3 мыңы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,4%) жалдамалы қызметкер болса, 2 136 мың адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,6%) – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халыққа шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 65,1% құрады.
2022 жылдың сәйкес тоқсанымен салыстырғанда, 2023 жылғы IV тоқсанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 76,7 мың адамға өсті, негізінен жалдамалы жұмыспен қамтылғандар есебінен 75,4 мың адамға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен 1,3 мың адамға.
«Жұмыспен қамтылған халық санының ең көп өсімі ақпарат және байланыс, кәсіби және ғылыми қызмет, өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында байқалды. 15-34 жастағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,4% құрады. Жұмыс істемейтін және біліммен немесе кәсіптік оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі 7,1% (379,37 мың адам) құрады», - делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2024 жылғы қаңтар айының соңына 264,5 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 2,8%-ын құрады.